$537.96 €630.27 ₽6.73
×

«Ұрықты алдын-ала сақтап қойыңыздар», - гинеколог

«Ұрықты алдын-ала сақтап қойыңыздар», - гинеколог

Елімізде бала туу көрсеткіші азайды. Пандемия кезінде "карантин сәбилерінің" арқасында көрсеткіш шарықтаған еді. Ал қазір, керісінше, жағдай әлеуметті алаңдатып отыр.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Демографтардың айтуынша, бұл үрдіс халықтың некеге кеш тұруымен және отбасын жоспарлауға деген көзқарастың өзгеруімен байланысты. Мәселен 2020 жылы әр 1000 тұрғынға шаққанда шамамен 25 бала туылса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 21 балаға, ал 2024 жылы 19 балаға дейін түскен. 

Мамандар бұл үрдісті урбанизация және экономикалық факторлармен түсіндіреді.

ЕРЛАН КӨПЕС, ҰЛТТЫҚ СТАТИСТИКА БЮРОСЫНЫҢ БАС САРАПШЫСЫ:

Жалпы соңғы бес жылда туғандар санының азаю үрдісі айтарлықтай байқалады. Басты себептеріне соңғы жылдары некеге тұрғандардың негізгі  үлесі 1990 жылдардан басталып 2000-шы жылдардың басына дейін созылған туу деңгейінің күрт төмендеуі кезеңінде, яғни сол кезде туған 24-29 жас аралығындағы адамдар болып табылатынын жатқызуға болады. Сондай-ақ әйелдер мен ерлердің де бірінші некеге кешірек тұра бастауымен байланыстырамыз.

Соңғы бес жылда туу көрсеткішіне жас ерекшелігі тұрғысынан да өзгерістер енгені байқалады. 2020 жылы 25-29 жас аралығындағы әйелдер арасындағы туу үлесі шамамен 32 процент болса,  2024 жылы бұл көрсеткіш 27,5%-ға дейін төмендеген. Ал 30-34 жас аралығындағы әйелдер арасындағы туу үлесі сәл өсіп, есесіне 35-39 жас тобының үлесі шамамен 13 проценттен 17 процентке дейін артқан.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Қазір қазақстандықтардың көбі баланы жоспарлап босануға асығады. Ал бұған халық қалай қарайды? Бірге білейік. 

БЛИЦ:

- Елімізге, дәстүрімізге сай емес, бірақ заманға сай болуы мүмкін. Ол бірінші жағдайын жасау керек, үйін алу керек.

- Барлығын жоспарлы түрді дүниеге әкелсе жақсы болады деп ойлаймын. Өзім де екі қызым бар, яғни екеуін де жоспарлы түрде дүниеге әкелдім.

- Жоспарлап, жұмысы табысты болады. Содан кейін бала табуға болады деп ойлаймын.

Жастар алдымен материалдық жағдайын түзеп алуға тырысады. Бірақ бұл бала сүюді шегере беруге себеп бола ала ма?  Дәрігерлер бедеуліктің де артып бара жатқанын ескертеді.

ҚЫМБАТ ОРАЗЫМБЕТОВА, ГИНЕКОЛОГ- РЕПРОДУКТОЛОГ:

Он жұпты алатын болсақ, ішінде алтауында сондай бедеулік деген болады, жиі кездесіп жатыр. Уақытында дәрігерге қаралмау, ондай да жағдайлар көп болады. Егер біз ер кісілерді алатын болсақ, онда шамамен 40 пайыздай ер кісінің мүмкіндігімен шектелген нәрселер де көп кездеседі. 60 пайызы әйел кісіге. Баяғыда айтатын еді ғой, бәрі әйел кісіге байланысты деп, негізінде бұл екеуінен шыққан нәрсе болып саналады.

Мамандар баланы жоспарлы түрде дүниеге әкелуді «әлемдік тренд» деп отыр. Бірақ ұзақ уақыт ақша жинап, денсаулығын назардан тыс қалдырса, ол басқа мәселе. Сол себепті гинекологтар сақ болуға шақырады. Балалы болу тек биологиялық емес, әлеуметтік мәселе.