$542.29 €629.54 ₽6.77
×

Қазақстанда республикалық жастар форумы бастау алды

12.08.2025ж. 19:41
Қазақстанда республикалық жастар форумы бастау алды

Елдің барлық өңірінен келген 120-дан астам жас маман тәжірибе алмасып, жаңа мүмкіндіктерді талқылауда

Павлодар облысында Халықаралық жастар күні және Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Жастар болашағы – жарқын Қазақстан» атты республикалық жастар форумы өз жұмысын бастады.

Басқосуға еліміздің түкпір-түкпірінен 120-дан астам жас инженер, өнеркәсіп маманы, IT-әзірлеуші, дәрігер, кәсіпкер және қоғамдық ұйым өкілдері жиналды. Барлығы да – 35 жасқа дейінгі, мақсат-мұраты айқын, кәсіби дамуға ұмтылған белсенді азаматтар.

Форум делегаттарына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бейнеқұттықтау жолдап, жастарды елдің қозғаушы күші әрі жаңғырудың негізгі тірегі деп атады. Шараға ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ермек Көшербаев қатысып, жастардың ел дамуына қосар үлесіне тоқталды.

Вице-премьердің айтуынша, Үкімет жас буынды қолдау мақсатында кешенді шаралар атқаруда. Соның ішінде:

  • студенттік шәкіртақыларды екі есеге арттыру;
  • 4,5 мың орындық 17 жатақхана салу;
  • шетелдік оқу орындарының филиалдарын ашу;
  • «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі», «Дипломмен ауылға» секілді бағдарламаларды жалғастыру;
  • жұмысшы мамандарға арналған жеңілдетілген тұрғын үй бағдарламаларын іске асыру;
  • «Болашақ» стипендиясының 60%-ын техникалық мамандықтарға бөлу.

Ұйымдастырушылар форум жастардың кәсіби әлеуетін арттыруға, жаңа буын мамандардың ел дамуына белсенді атсалысуына серпін береді деп сенеді.