Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы Ресейден сотталған қазақстандықты экстрадициялады. Ол 2014 жылы Павлодарда алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен аса ірі көлемде есірткі саудалаған.
Тергеу дерегінше, күдікті 66 кг марихуана мен 8 кг гашишті сату мақсатында тасымалдап жүрген жерінен полиция қызметкерлеріне ұсталған. 2015 жылы сот оны ақтағанымен, прокурордың наразылығы негізінде бұл шешім жойылып, 10,5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Жазадан жалтару үшін ол 6 жылдан астам уақыт бойы жасырынып, халықаралық іздеуде болды. Ақыры құқық қорғау органдарының үйлесімді жұмысының нәтижесінде қылмыскер ұсталып, Қазақстанға жеткізілді.