Солтүстік Қазақстан облысының Қызылжар ауданына қарасты Бескөл ауылында заманауи жедел басқару орталығы жұмысын бастады. Көлік ағыны қарқынды трасса бойында орналасқан бұл нысан тұрғындар мен қонақтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа орталық бейнебақылау инспекторларына арналған үш жұмыс орнымен, серверлік жабдықпен, бес жылдамдық өлшегішпен және 72 бейнекамерамен жабдықталды. Сондай-ақ бұрын орнатылған 145 көше бейнекамерасы да бірыңғай жүйеге қосылды. Болашақта аудан бойынша 600-ден астам камераны біріктіру жоспарланып отыр. Олар жол қиылыстары, сауда орындары, мектептер мен балабақшалар аумағын қамтиды.
Биылдың өзінде бейнебақылау арқылы Бескөл аумағында 650-ден астам құқық бұзушылық анықталған. Орталықта ведомстволық деректер базасы, автоматты телефон станциясы және «102» мобильдік қосымшасы арқылы шағым қабылдау жүйесі іске қосылған. Қосымша арқылы полицияға қоңырау шалумен қатар, мәтін, аудио, фото және бейнематериал жіберуге мүмкіндік бар.