$542.29 €629.54 ₽6.77
×

Өскеменде ЖЖИ қозғалысының мерейтойлық халықаралық слеті өтті

13.08.2025ж. 12:21
Өскеменде ЖЖИ қозғалысының мерейтойлық халықаралық слеті өтті

Ғазиз Байтасов атындағы ХХ Республикалық байқауға қазақстандықтармен бірге Қырғызстан жас инспекторлары да қатысты

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бастамасымен Өскемен қаласында Ғазиз Байтасов атындағы ХХ мерейтойлық Республикалық жас жол инспекторларының слеті ұйымдастырылды. Биыл алғаш рет халықаралық деңгейде өткен шараға қазақстандық командалармен қатар Қырғыз Республикасының жас инспекторлары да қосылды.

Еліміздің барлық өңірлерінен жиналған жүздеген оқушы мен шетелдік қатысушылар жол қозғалысы ережелерін білу, алғашқы медициналық көмек көрсету, сондай-ақ шығармашылық және тәжірибелік дағдыларын сынады. Сайыс бағдарламасына «Білімпаздар турнирі», «Жас реттеуші», «Велосипедті мәнерлеп жүргізу», «Автоқала», «Жас санитар», «ЖҚЕ білгірлері» және «Үгітбригада» байқаулары кірді. Қатысушылар тәртіп пен жоғары дайындықты ғана емес, жолдағы қауіпсіз мінез-құлықты насихаттаудағы креативті қабілеттерін де көрсетті.

«ЖҚЕ білгірі» аталымында үздік нәтиже көрсеткен және жол қозғалысы мәдениетін арттыруға үлес қосқан полиция қызметкерлері марапатталды. Мемлекетаралық есепте бірінші орынды Қазақстан құрамасы, екінші орынды Қырғызстан командасы иеленді.

Республикалық қорытынды бойынша:

  • І орын - Қостанай облысының ЖЖИ отряды;

  • ІІ орын - Ақмола және Қарағанды облыстарының командалары;

  • ІІІ орын - Алматы қаласы, Абай және Солтүстік Қазақстан облыстарының жас инспекторлары.

Қырғызстан делегациясына екі елдің ынтымақтастығын нығайтуға қосқан үлесі үшін «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерейтойлық төсбелгісі табысталды.

Бұл мерейтойлық слет ЖЖИ қозғалысының көшбасшылықты, жауапкершілікті және заңға құрметпен қарауды қалыптастыратын нағыз мектеп екенін дәлелдеді. Мұнда тек ережені білетін ғана емес, қауіпсіздік пен тәртіп құндылықтарын қорғауға дайын жас буын тәрбиеленеді.