Еліміздің ЖІӨ өсімі 6,3 пайызға жетті. 7 айды қорытындылаған бас экономист осылай деді. Экономиканың қарқын көрсеткен салаларын жіпке тізді. Сөзінше кері кеткен сектор жоқ. Барлығы да көңіл көншітер жағдайда. Бұл көрсеткіш халықтың тұрмысына оң әсер ететінін мысалмен жеткізді.
Жұманғарин су көтерілсе жағадағы елдімекенді су басатынын ұмытқан секілді. Қазір айлығын шайлығына жеткізе алмай, тұрмысын тіктеуге қолы байланып отырғандар көп. Десе де, министр жалақыға жан баққан жандардың жайы бақылауда деп сендірді. Бірақ, ең төменгі жалақы мөлшері көтерілмейді деп кесіп айтты.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ - ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Әзірге ең төменгі жалақыны көтеру жоспарымызда жоқ. Қазір оның мөлшері – 85 мың теңге. Ең төменгі жалақыны ұлғайту мәселесін қарастырған жоқпыз.
Мұнай бағасы күн санап төмендеп барады. Бұрынғыдай қара алтынға үміт артып, қол қусырып отырар заман емес. Бюджет тапшылығы тағы бар. Сыртқы қарыздарымызды да ұмытпаған жөн. Вице-премьер олқылықтың орнын толтыру үшін реформа жасалып жатқанын жеткізді. Өзгерістер алдағы уақытта жеміс береді деп басу айтты.
СЕРІК ЖҰМАНҒАРИН, ҚР ПРЕМЬЕР МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ- ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКА МИНИСТРІ:
Болашаққа қарап жасап жатырмыз. Себебі, біраз льгота бердік, тіпті бизнес ұйымдар, азаматтарымыз салық төлеуді ұмытқан кезінде. Біздің қоғамда жаңа парадигма керек. Салық, бюджеттік реформаның міндеті сол.
Салық демекші. Жылдар бойы жарнама жасап, тұрмысын тіктеген блогерлар енді салық төлейді. Әлеуметтік желіден алған әрбір тиынына, пайдасына есеп беретін болады.