$538.03 €629.23 ₽6.74
×

Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланды

Шымкентте «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы қорытындыланды

Шымкентте «Мерейлі отбасы» байқауының қалалық кезеңі қорытындыланды. Салтанатты іс-шарада  20 отбасының өнегелі өмірі көпке үлгі етілді. Барлығы еңбек жолында ұрпақтар сабақтастығын өрбітіп, ұлттық құндылықтарды ұлықтап жүрген өнегелі жандар. Байқауда бағы жанғандардың бірі  - Нұртаевтар әулеті. Бас жүлдені иемденген мерейлі отбасының отағасы теміржол саласында 62 жыл қызмет еткен. Отанасы мен ұл-қыз, немерелеріне дейін теміржолшылар. Үлгілі әулет дәстүр мен тәрбиеге ерекше мән берген.

ӘСИЯ НҰРТАЕВА, «МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» ҰЛТТЫҚ БАЙҚАУЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ:

XXI ғасыр – даму ғасыры. Білім, ғылым, дін, діл осы төрт мәселені қатар алып жүрген балалар өте жоғары дәрежеде дамып, жақсы отбасын құрып, бақытты болып отыр.

Ғұмыры ғибратқа, өмірі өнегеге толы жандарды дәріптеуді мұрат тұтқан ерекше жоба қатарынан12-ші жыл өтіп отыр. Қатысушылар да жылдан жылға  артып келеді. «Мерейлі отбасы» байқауына іріктеу мамыр айында басталған. Биыл  189 отбасы өтініш түсіпті. Соның ішінен 20 отбасы іріктеліп алынды.

АҚБОТА ОСПАН, ҚАЛАЛЫҚ КОНКУРСТЫҚ КОМИССИЯНЫҢ ХАТШЫСЫ:

Шымкент қаласына нақты қосқан үлесі, балаларының жетістігі, одан кейінгі ең бір айта кетерлігі, биыл біздің Президентіміз «Жұмысшылар мамандықтар жылы» деп жариялағаннан кейін жұмысшылар отбасына біз көбірек көңіл бөлдік.

Ұлттық байқаудың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, өскелең ұрпаққа патриоттық сезімді, отбасылық құндылық деген түсінікті дәріптеу.  

СӘРСЕН ҚҰРАНБЕК, ҚАЛА ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қазақта «әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер деген дейді. «Мерейлі отбасында» ұрпақтар сабақтастығы, дәстүр жалғастығы ең алғашқы орынға қойылады. Әрине оны кім қам тамасыз етеді дәстүрлі отбасында? Ол -ақ жаулықты әжеміз, ақ сақалды атамыз. Міне, сол кісілер осы мерейлі отбасының қалыптасуына тікелей ықпал жасайды.

Айта кетейік, жеңімпаз Нұртаевтар әулеті енді Астанада өтетін республикалық кезеңге қатысады.