Шымкент қаласында жол-көлік инфрақұрылымын жаңғырту аясында Момынов көшесінде теміржол үстінен жаңа автокөлік өткелі салынып жатыр. Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болатбек Нажметдинұлы құрылыс барысымен танысып, бұл жоба қаладағы қозғалысты жеңілдетіп қана қоймай, кептелістерді азайтып, жол қауіпсіздігін арттыратынын атап өтті, хабарлайды Astana TV.
Жоба аясында төрт жолақты өткелде жаяу жүргіншілерге арналған жол және бағдаршамдар орнатылады. Құрылыс 2024 жылғы қарашада басталды, қазіргі таңда нысанның 50 пайызы дайын. Мердігер ұйымның мәліметінше, жұмыс жоспарға сәйкес жүріп жатыр.
– Шымкент – еліміздегі ең қарқынды дамып келе жатқан қала. Оның жол желісі жаңартуды қажет етеді. Жол өткел «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр және бұл – біздің сайлаушыларға берген нақты уәделеріміздің бірі. Мен осы жобаның бағдарламаға енуіне бастамашы болып, қаржы бөлінуіне ықпал еттім. Қазір нысанның құрылысы сәтті іске асуда, оны жеке өзім бақылауда ұстаймын, – деді Болатбек Нажметдинұлы.
Сонымен қатар Тіленшин көшесінде осыған ұқсас жол өткел салынып жатыр, оның дайындығы – 20 пайыз. Екі нысан да 2026 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Аталған жобалар қаланың шығыс бөлігін орталықпен байланыстырып, көлік ағынын қайта бөлуге және негізгі магистральдердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді.
Шымкентте жол желісін жаңарту қарқынды жүріп жатыр: 2024 жылдың қорытындысы бойынша жолдардың 75 пайызы жақсы немесе қанағаттанарлық күйде болса, биыл бұл көрсеткішті 90 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2026 жылға қарай жалпы ұзындығы 1000 шақырымнан асатын 850 көшеге толық асфальт төселеді. Оның 540 шақырымы биыл жүзеге асуға тиіс. 2025 жылы қалада 32 жаңа бағдаршам орнатылып, жол белгілері жаңартылады және реттелмейтін өткелдердің басым бөлігі жарықтандырылады.
Мәжіліс депутаты Болатбек Нажметдинұлының өңірге сапары аясындағы сайлаушылармен кездесулері кеше басталды. Депутат бірқатар министрліктердің өкілдерімен бірге әлеуметтік, өндірістік нысандарды аралап, тұрғындарды жеке қабылдайды деп жоспарланып отыр.