$540.87 €632.01 ₽6.76
×

"Ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес", - Президент

"Ата-аналардың жауапсыздығынан оқыс оқиға болса, оған ұстаз жауапты емес", - Президент

«Елдің ертеңі мұғалімдерге тікелей байланысты». Республикалық тамыз конференциясында осылай деген Мемлекет басшысы ұлттың шамшырағына айналған ұстаздар қауымына ризашылығын білдірді. Халықтың зейінін ашып, зияткерлік қуатын арттыруға күш жұмсап жүрген мамандық иелерінің қоғамдағы орны бәрінен биік болуы тиіс екенін баса айтты. Расында, Қасым-Жомарт Тоқаев Президент болып сайланған күннен бастап білім беру саласына айрықша мән беріп келеді. Соңғы төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті.  «Педагог мәртебесі туралы» арнайы заң қабылданды. «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағы белгіленді. Бүгінде 74 мұғалім осы құрметті атаққа ие болды. Бұл – барша педагогтер қауымына көрсетілген зор құрметтің белгісі.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. 2019 жылдан бері білім саласының бюджеті үш есе артты. Мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын жақсарту әрдайым басты назарда. Соңғы төрт жылдың ішінде олардың жалақысы 2 есе өсті. Қазіргі таңда 500 мыңнан астам ұстазға үстеме ақы төленеді. Мұғалімдер өз міндетіне кірмейтін артық жұмыстан босатылды. Ұстаздың назары бала оқыту ісінде болуға тиіс.

Бүгінде жастардың мұғалім болуға ынтасы артып келеді. Бұған грант саны мен шәкіртақының артуы себеп. Былтыр 1800-ге жуық «Алтын белгі» иегері педагог мамандығына оқуға түскен. Ал биыл 2 мыңнан астам үздік түлек ұстаз мамандығын таңдап отыр. Бұл – барлық «Алтын белгі» иегерлерінің 23 пайызға жуығы деген сөз. Мұның бәрі қоғамда ұстаздардың абырой-беделінің арта түскенін аңғартады.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Биыл білім беру саласына 13 мыңнан астам грант бөлінді. Педагог мамандығы бойынша оқып жатқан студенттердің шәкіртақысы бес жылда екі есе көбейді. Жаңа оқу жылынан бастап шәкіртақы 84 мың теңге болады.

Мемлекет басшысы қала мен ауыл мектептеріндегі білім беру деңгейін теңестіру қажет екенін айтты. Сондай-ақ, баланың бойына білімді ғана дарытып, тәрбиені ұмыт қалдыруға болмайтынын жеткізді. Себебі бұл екеуі кез келген қоғамның қос тағаны. Осы тұста «Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді жұмыс істеуі керек. 

 ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

«Отбасы – мектеп – мемлекет» үштігі үйлесімді болса, жақсы нәтижеге жетуге болады. Ал бұл үштіктің өзегінде – еңбекқорлық идеясы болуға тиіс.   

Мектеп әр бала үшін қауіпсіз жер болуы тиіс. Мемлекет басшысы  білім ордаларында зорлық-зомбылыққа, әлімжеттікке, қатігездік пен озбырлыққа жол берілмеуі керегін баса айтты.  Сонымен қатар жастарды нашақорлық пен лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық секілді әлеуметтік кеселдерден сақтау керегін жеткізді. Балаларға қатысты кез келген жазатайым жағдайға мұғалімдер жазаланып келді. Бұған Алматыда түлектер арасында болған оқиға нақты мысал. Мемлекет басшысы мектептен тыс жердегі оқыс оқиғаға ұстаздарды кінәлау орынсыз екенін айтты.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз мұндай келеңсіздікке жол бермеуіміз керек. «Педагог мәртебесі туралы» заңға ұстаз құқығын қорғау жөнінде өзгерістер енгізу қажет деп санаймын.  Мемлекеттің міндеті педагогтің қоғамдағы құқығын мейлінше арттыру.

Әлем тарихында білім-ғылымды басты орынға қойып, дамудың даңғыл жолына түскен, орасан зор табысқа жеткен елдер аз емес. Білім мен ғылым Қазақстан дамуының қозғаушы күші болуға тиіс екенін Қасым-Жомарт Тоқаев шегелеп айтты. Бұл бағыттағы жұмыстарға басымдық берілетінін жеткізді. Жиын соңында бір топ ұстазға мемлекеттік награда табысталды.