$540.87 €632.01 ₽6.76
×

Жастар той жасауға «байкот» жариялады

15.08.2025ж. 19:30
Жастар той жасауға «байкот» жариялады

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

"Той - қазақтың қазынасы" дейтін қазақ әуелден шашылсаң қуанышқа шашыл дегенді ұстанады. Ал қазіргі жастарндың ұстанымы мүлде бөлек. Бірі тойға кететін барлық ақшаны жинап, саяхатқа жұмсайды. Енді бірі сол қаражатқа не үй, не көлік алады. Ал, сіз қайсысын таңдар едіңіз?

Қазақтың тойы бәсекеге айналғанын мойындасақ та даңғазалықты тыя алмай келміз. Барымызды шашып, байлығымызбен мақтансақ мейлі ғой, кредит алып, қарызға бататындарды қайтесің! Мұндайда «баламның тойын былыққа батсам да өткіземін» деп шырылдаған үн қаншалықты дұрыс деген ой келеді. Жастар қате екенін ұғынып тұр. Бірауыздан әлеуметтік желіде тойға «байкот» жариялады.

Бір күндік мереке мың күндік берекеңді алып, қалтаңнан тиыныңды сығып алады, дейді жастар. Ресторанда той өткізу бір бөлек, алыс-берістің өзі әбден әлбігерге салады. Кит, жасауы бар, кәде-сый дейді, тағысын тағы... Әйтеуір қос тарап бір-бірін алтынмен аптап, күміспен қаптауға дайын. Бермесе «жұрт не дейді?» дегеннен қорқады.

БЛИЦ:

- Менің қызым тұрмысқа шыққалы жатыр. Той керек емес, үй аламыз деп отыр. Ата-анасы болып біз келістік.

- Өте дұрыс! Артық ақша болса істе! Болмас керек емес. Мен той жасамадым. Жасым 40-қа келді. Астымда 70 камри, Астанада үй. Енді кезекте ел аралау, одан қалса ғана той істеймін.

- Той жасап, ақша құртқанша сол үйдің ақшасына 10-20 пайыз құйып, ипотекаға үй алсын жастар.

Тарихшылар тойға толық «байкот» жариялаудың қажеті жоқ дейды. Тек думанды кештің құрылымын өзгертсе жеткілікті екенін айтады. Мәселен біз өткізіп жүрген мерекелік отырыстар қазақ дәстүріне мүлде жат. Кеңестік кезеңде басшылық той-томалақты қалай өткізу керек екенін арнайы бекітіп берген. Халық сол әдеттен әлі күнге дейін арыла алмай келеді. 

ЖОМАРТ ЖЕҢІС, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ ТАРИХ ЖӘНЕ ЭТНОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫНЫҢ ЖЕТЕКШІ ҒЫЛЫМИ ҚЫЗМЕТКЕРІ:

Бұл әдейі істелген нәрсе. Үлкен ақсақалдардың, абыздарымыздың сөзін жастар естімесін, ұрпақтар арасындағы байланыс үзілсін деген мақсатпен жасалған.

Бар тиынмен, несиесіз той өткізіп жүргендер жоқ емес, бар. Енді мыңның бірі ғана емес, бәрі осылай мақтанышсыз мерекені атап өтсе ғой дейсің. Жамбыл облысы бұл үрдісті бастап кеткен. Өңірде той-томалақ өткізудің ортақ ережесі бекітіліпті. Құжатта дастархан мәзірінен бастап, кешті басқаратын жүргізушіге де талап қойылады. Тіпті, «Асабалар одағы» да құрылған.

ЖАСҰЛАН ӘБДІХАЛЫҚ, Ш.МҰРТАЗА АТЫНДАҒЫ РУХАНИЯТ ЖӘНЕ ТАРИХТАНУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:

Қазіргі асабалардың 80 пайызы кітап оқымайды, сауатсыз. Қандай дәстүр, не айтылып жатқанын білмейді, есі дұрыс, ұлтқа жаны ашитын, дәстүрін құрметтейтін, тойды дақпырт-дарақыға айналдырмай, мәдениет қалыптастыра алатын асабалардың беті бері бұрылды. Ысырапқа жол бермеймін деген кәсіпкерлердің де беті бері бұрылды. Қалғандары да келеді деп ойлаймын.

Той жасау үшін кемінде 10-15 миллион теңге керек. Түптеп келгенде бұл қаржыға құрылысы енді біткен Алматы мен Астанадан бір бөлмелі үй, Шымкенттен 3 бөлмелі баспана алуға болады.