$540.87 €632.01 ₽6.76
×

Жолдау-2024 жүзеге асыру: отандық өндірістің өсімі және ШОБ-ты қолдау

18.08.2025ж. 14:56
Жолдау-2024 жүзеге асыру: отандық өндірістің өсімі және ШОБ-ты қолдау

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауындағы тапсырмаларын жүзеге асыру Үкімет үшін басты басымдық болып қала береді: «осында және қазір» қағидаты бойынша капитал тартуға жағдай жасалуда, отандық тауар өндірушілерге арналған кепілді өткізу нарығы кеңейтілуде, сатып алулардағы қазақстандық үлес артуда. Шағын және орта бизнесті қаржылық әрі қаржылық емес қолдау тетіктерін кеңейтуге ерекше назар аударылып отыр.

Жүргізіліп жатқан жұмыстардағы басты міндет – бизнес үшін болжамды, бәсекеге қабілетті орта мен айқын ережелер қалыптастыру. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмаларына толық сай келеді.

Өткізу тетіктерін және қазақстандық үлесті кеңейту

Отандық кәсіпорындардың жүктемесін арттыру мақсатында Үкімет реттелетін сатып алу құралдарын кеңейтіп, ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттарды енгізді.

Мемлекеттік сатып алулар аясында ұлттық режимнен 4 834 тауар позициясын алып тастау белгіленген. 2025 жылдың алты айының қорытындысы бойынша 333,4 млрд теңгеге 106 мыңнан астам келісімшарт жасалды. Бұл 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда екі еседен астам өсім көрсетеді.

Сонымен қатар отандық тауар өндірушілердің бірыңғай тізілімін қалыптастыру жұмысы жүргізілуде. Ол компаниялардың сатып алулар мен мемлекеттік қолдау шараларына басымдықпен қол жеткізуін қамтамасыз етіп, «жалған өндірушілерді» нарықтан шығарып тастауға мүмкіндік береді.

Отандық тауар өндірушілер тізілімі: цифрлық верификация және нарықты қорғау

Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында қазақстандық тауарлар тізілімін қалыптастыру жұмысы аяқталуда. Бұл платформа СТ-KZ және индустриялық сертификаттарды алмастырып, мемлекеттік дерекқорлар арқылы мәліметтердің автоматты верификациясын қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетеді және нақты өндірісті растауға мүмкіндік береді.

Компаниялар QR-коды бар тегін онлайн-анықтама ала алады. Бұл тізілімге енгізу тек расталған өндіріс болған жағдайда ғана жүзеге асырылады. Толыққанды іске қосу 2026 жылғы 1 қаңтарға жоспарланған.


 Жүйе құраушы кәсіпорындар мен жер қойнауын пайдаланушылар рөлі

«Самұрық-Қазына» қоры отандық тауар өндірушілерді қолдау сапасын жетілдіруде және сатып алулар көлемін арттыру бойынша жұмыс жүргізуде: 2024 жылы еншілес компаниялар 537,4 млрд теңгеге 287 келісімшарт жасасты (2023 жылмен салыстырғанда шамамен үш есе көп), ал 2025 жылдың қаңтар–маусым айларында 230,3 млрд теңгеге 417 келісімшарт рәсімделді.

Жер қойнауын пайдалану саласы еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін дамыту үшін негізгі бағыттардың бірі болып саналады. Бұл секторда 2024 жылы 138,9 млрд теңгеге 290 келісімшарт жасалды (2023 жылмен салыстырғанда 2,6 есе артық), ал 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында — 901,4 млрд теңгеге 551 келісімшарт.

Жалпы жер қойнауын пайдаланушылар мен жүйе құраушы кәсіпорындардың сатып алуларының үлесі жалпы көлемнің 40%-нан асады. Бұл Президенттің ірі бизнесті индустриялық дамуға тарту жөніндегі басым бағытын айқын көрсетеді.

Ұзақмерзімді келісімшарттар мен офтейк-келісімшарттар

2024 жылы жалпы құны $2 млрд-тан (шамамен 1 трлн теңге) асатын 898 ұзақмерзімді келісімшарт пен офтейк-келісімшарт жасалды. 2025 жылдың қаңтар-маусым айларында олардың саны 968-ге жетіп, 1,132 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,9 есе көп.

Мысал айтар болсақ, Талдықорғанда $85 млн көлеміндегі инвестицияға ұнтақтағыш шарлар шығаратын зауыт салу бойынша KazMinerals компаниясы мен чилилік ME Elecmetal компаниясы жасасқан офтейк-келісімшарт. Бұл Мемлекет басшысының халықаралық инвесторлармен әріптестікті кеңейту және жобаларды «бастан соңына дейін» іске асыру жөніндегі тапсырмасына толық сәйкес келеді.

Заңнамалық өзгерістер: кепілдендірілген сатып алу және локализациялау бағдарламалары

Биыл ірі тапсырыс берушілерді, соның ішінде жер қойнауын пайдаланушыларды, тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық үлесті арттыруға бағытталған бағдарламаларды әзірлеу және іске асыруға міндеттейтін бірқатар түзетулер қабылданды.

Өнеркәсіпті қолдау мақсатында жаңа келісімшарт түрі – кепілдендірілген сатып алу шарты енгізілді. Ол бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі кәсіпорын өнімді белгілі бір көлемде тұрақты жеткізуге міндеттеледі, ал тапсырыс беруші ұзақмерзімде сатып алатынан кепілдейді.

ШОБ-ты кешенді қолдау: жеңілдетілген қаржыландыру, кепілдіктер және кеңес беру

Кәсіпкерлікті қолдаудың кешенді бағдарламасының негізгі құралдарын «Даму» қоры іске асырады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша несие мөлшерлемелерін субсидиялау арқылы жеңілдетілген қаржыландыру шараларымен шамамен 1 трлн теңге көлеміндегі несиемен 17 мыңнан астам бизнес жобасы қамтылды, ал 8 мың жобаға жалпы 310 млрд теңге көлемінде кепілдік берілді.

Өңірлер бойынша субсидиялау жөніндегі жобалардың басым бөлігі Алматы, Астана, Шымкент қалаларында, Алматы, Түркістан және Ақтөбе облыстарында іске асырылды. Ұлытау, Жетісу және Абай облыстарында жобалар аз. Салалар бойынша 2024 жылдың қорытындысына сәйкес, өңдеу өнеркәсібі (33,3%), көлік және қоймалау (17%), білім беру (7,8%) көш бастап тұр. 

2025 жылы жеңілдетілген қаржыландыруға 271,1 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. 

Қаржылық емес қолдау аясында 15 мыңға жуық кәсіпкер оқытылды, кәсіпкерліктің түрлі мәселелері бойынша 135 мыңнан астам кеңес берілді.

Кепілдік берудің жаңа негізгі құралдары: «Даму» кепілдік қорлары және заңнамадағы өзгерістер

2025 жылдан бастап «Даму» қоры базасында ірі инвестициялық жобалар мен ШОБ несиелеуге арналған екі кепілдік тетігі іске қосылды. Бұл банк өтімділігін экономиканың нақты секторына белсенді тартуға мүмкіндік береді.

Ірі инвестициялық бастамаларға арналған кепілдік қоры 7 млрд теңгеден басталатын жобаларды қамтиды, бұл кепілмен қамтамасыз етудің жеткіліксіздігі мәселесін шешуге көмектеседі. Қолдау экономиканың негізгі салаларында – өнеркәсіп, энергетика, инфрақұрылым және экспортқа бағдарланған өндірістерге бағытталған. Қазіргі уақытта әлеуетті қарыз алушылармен жұмыс жүргізілуде, өтінімдер қабылдануда, нормативтік реттеу мәселелері, сондай-ақ капиталдандыру көздері пысықталуда. Сонымен қатар Қордың міндеттемелері бойынша мемлекеттік кепілдіктер беруге мүмкіндік беретін Бюджет кодексіне өзгерістер дайындалды.

ШОБ-қа кепілдік беру қоры 7 млрд теңгеге дейінгі жобаларды қамтиды. Ол жеткілікті кепілі жоқ кәсіпкерлерді қолдауға және мемлекет қаржысына тәуелділікті азайтуға бағытталған. 

Бүгінгі таңда портфельді кепілдендіру шарты «Қазақстан Халық банкі», «Банк Центркредит», «Қазақстан Фридом банкі», ForteBank, Bereke Bank, «ҚЗХ банк ЕБ», «Нұрбанк», Bank RBK, Jusan Bank, «Еуразиялық банк» сынды екінші деңгейлі 10 банкпен жасалды. 

Қаржы институты ШОБ кепілдік қорына ерікті жарналар салғанын атап өту маңызды: «Фридом» – 537 млн, «Халық банкі» – 2 млрд, «Банк Центркредит» – 2,6 млрд, ForteBank – 1 млрд, Bank RBK – 500 млн теңге.

Сонымен қатар 2025 жылғы 26 маусымда Мемлекет басшысы бизнес үшін қарыздарға кепілдік беру жүйесін бекіткен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне орман шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және жеке кәсіпкерлік субъектілерінің міндеттемелеріне кепілдік беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. 

2025 жылғы 12 тамыздағы жағдай бойынша қазірдің өзінде 170,2 млрд теңгеге 1 069 жоба қолдау тапты, оның 92,16 млрд теңгесіне кепілдік берілген. Кепілдіктер жеңілдетілген рәсім бойынша екі жұмыс күні ішінде ұсынылады, негізгі бағыттар – өңдеу өнеркәсібі, көлік, қоймалау және білім беру қызметтері.