$538.57 €629.48 ₽6.71
×

Зейнетақы қорындағы қаражат азайса, зейнетақы көлемі де аз болады

AstanaTV
18.08.2025ж. 19:30
Зейнетақы қорындағы қаражат азайса, зейнетақы көлемі де аз болады

Қазақстанда зейнетақы қорынан ақша шешу күрт көбейді. Жыл басынан бері  300 мыңнан аса адам өтініш берген. Жалпы сома 541 млрд теңге. Қордағы қаражатын алғанның бірі- Інжу Шүкей, шотында жеткілікті шегінен асқан 700 мың теңгесі бар екенін біле сала, тісін емдетуге жұмсапты.

ІНЖУ ШҮКЕЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Үлкен көмек болды, себебі өзіңіз білесіз қазір стоматология арзан тұрмайды. Егер сапалы жұмыс қарасаңыз әрине өзіңіздің денсаулығыңызға қаражатты қажет етеді, сондықтан мемлекет осындай мүмкіндік бергені жақсы болды.

Мамандардың сөзінше, азаматтар емделу мақсатында шешкен ақшаларының 99 пайызын тіс жөндетуге жұмсайды екен. Бірақ мемлекеттің бұл мүмкіндігін пайдалана алмай жүргендер аз емес. Шешуге болатын ақшаның жеткілікті шегінен асу былай тұрсын, кейбіреуі үшін оған жету оңай болмай тұр.

ҚАРЛЫҒАШ ҚАСЕНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Меніңше ол мүмкін емес сияқты, қазір 10 жастан бастап жұмыс жасап сол порогқа жету керек шығар, 30-40 қа жетіп, өйткені мен өзім 20 жастан жұмыс жасаймын мен өзімнің пенсионкамның қорында 3 миллион ғана енді болды. 5 миллионға жету үшін мен әлі қашна жұмыс жасаймын, ол кезде тіс те қалмайтын шығар.

Қалай дегенмен, зейнетақы қорынан ақша шешуге өтініш берген 334 мың адамның 160 мыңнан астамы тұрғын үй жағдайын жақсартуға, ал 185 мыңнан астамы емделу ақысын төлеуге жұмсаған. (графика2) Демек, зейнетақы жинақтарын алу былтырғы жылмен салыстырғанда: тұрғын үй  жинақ салымдарын толықтыруға және ипотекалық қарызды өтеу үшін - 2,7 есе, ал емделу үшін - 3,2 есе өскен.

Әсіресе, 20 жастан 39 жасқа дейінгі азаматтардан өтініштер көп түседі дейді жауаптылар. 

ГҮЛНҰР АҒАЙДАРОВА, «БЖЗҚ» АҚ ТӨЛЕМДЕРДІ ҰЙЫМДАСТЫРУ ЖӘНЕ ХАБАРЛАНДЫРУ ДЕПАРТАМЕНТІ ТӨЛЕМДЕР ӘДІСТЕМЕСІ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Бұл азаматтардың берген өтініштерінің жалпы суммасы 541 млрд теңгеге жуық, оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту мақсатында 305 млрд теңгеге жуық пайдаланған, ал емделу мақсатында 236 миллард теңгеге жуық төленген. Тұрғын үй мәселесі бойынша көбінесе өтініштер Отбасы банктегі депозиттерін толықтыруға және өздерінің ипотекалық берешектерін толықтай және ішінара төлеуге жұмсаған.

Зейнетақы көлемі әрбір азаматтың аударған жарнасына, оның тұрақтылығына және қорда болған ұзақтығына байланысты. Мамандар, шоттан ақша шешерде нақты ойланып шешім қабылдаған дұрыс дейді. Өйткені, салымшының жинаған ақшасы азайса, зейнетке шыққаннан кейін ай сайынғы төлем аз болады.