$540 €630.72 ₽6.72
×

Астанаға 80 мың адам көшіп келді

Астанаға 80 мың адам көшіп келді

Жарты жыл ішінде Астанаға 80 мың адам көшіп келген. Тұрғындар саны өткен жылмен салыстырғанда 25 пайызға артты.  Мұндай қарқынды көші-қон қала инфрақұрылымына қосымша жүктеме түсіруі мүмкін.

НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:

Алты айда Астана халқы еселеп көбейді. Бұл шағын қаланың тұрғындары бір сәтте көшіп келгендей әсер қалдырады. Соңғы 15 жылда мұндай қарқын тіркелмеген. Бас шаһарға қоныс аударғандардың үштен бірі Ақмола, Түркістан және Алматы облыстарынан келген.

Ішкі көші-қон ағыны бойынша Астана қазір Алматыны басып озды. Бұған дейін көш оңтүстік мегаполистің пайдасына шешілетін. Енді басты мәселе қала экономикасы мен инфрақұрылымы бұл қарқынды көтере ала ма?

БАУЫРЖАН ЫСҚАҚ, ЭКОНОМИСТ:

Әрине коммуналдық мәселелердің бар екені белгілі. Бір аудан, бір қалаға жарты жылда көшіп келіп жатыр деген сөз. Ал сол ауданды қамтамасыз ететіндей жарықтарды қазір қала бере алмай жатыр. Ал оны шешудің басты бір жолы, энергияны үнемдеу. Бізде әлі де ысырапшылдық бар. Суды да көп ағыза береміз, жарықты да жарқыратып қоямыз. Яғни, азаматтарды осындай мәдениетке үйрету керекпіз.

Дегенмен, қалаға келушілермен қатар кетушілер де бар. Қаңтар-маусым аралығында 43,6 мың астаналық өз тіркеуін басқа өңірге ауыстырған. Оның негізгі бөлігі Ақмола облысына, Алматыға және Түркістан облысына қоныс аударған. Бұл үш өңірдің жиынтық үлесі – 48%.

Сарапшылардың сөзінше, жаз айларында кей азаматтар уақытша тіркеліп, маусымдық жұмысқа келеді. Көбі қызмет көрсету саласын таңдайды. Ресми дерек бойынша, қалада биыл 16 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелген.

БАҒИЛА ОРЫМБЕТОВА, ҚАЛАЛЫҚ МАНСАП ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ:

Біздің ұсынатынымыз енді, ең бастысы тұрақты жұмыспен қамтыймыз. Көшіп келгендердің арасында әртүрлі мамандықпен келіп жатады. Әртүрлі жұмыс өкілдерімен, оның ішінде жастар да бар. Егер де мамандықтарымен жұмыс істемеген жағдайда, біз оларға қайта даярлау курстарын оқып алуға ұсыныс береміз.

Ал келушілердің бір бөлігі өз кәсібін бастауға немесе алдын ала жұмысқа орналасады. Сарапшылар халық саны артқан сайын жолдағы кептеліс пен тұрғын үй тапшылығы да ушығатынын айтады

ГҮЛДАНА ӘБІШ, ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫН ЖОСПАРЛАУ БӨЛІМІНІҢ СӘУЛЕТШІСІ:

Бізде 2035 жылға дейінгі жоспарымыз бар, бас жоспары, онда екі миллион екі жүз жетпіс бес мың адамға есептелген. Жалпы реграция аумағы жарты қаланың, көп бөлігін құрайды. 44 мың гектардан көп жерді құрайды. 138 мектеп, 190 балабақша салатын боламыз тағы да. Ал полицентрлерді дамыта бастасақ, онда пробка деген мәселелер шешіледі. Өйткені, транспорттың жүріп өтетін шақырымы азаяды.

10 жыл ішінде қаланың жан жағына керекті орталықтар салып, "15 минуттық қала" бағдарламасы құрылмақ. Сондай-ақ жоспарда жердің жылу температурасын пайдаланатын геотермалды жылыту және салқындату жүйелері де бар. Бұл коммуналдық шығындарды азайтып, энергия тапшылығын болдырмауға көмектеспек.