$540 €630.72 ₽6.72
×

Көкшетауда 200 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады

18.08.2025ж. 19:30
Көкшетауда 200 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады

Ақмола облысында ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемін 1,2 триллион теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Марат Ахметжанов Президенттің қабылдауында айтты. Соңғы екі жыл ішінде 4,7 мың тұрғын баспаналы болды. 21 мың оқушыға арналған 33 нысан бой көтерді. Облыс орталығында 200 мың тұрғын сапалы ауыз сумен қамтылады. Ал жыл соңына дейін 9 елді мекенге газ құбыры тартылады.

МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Барлық сала бойынша өсім бар. Өздеріңізге мәлім, Ақмола облысы агроөнеркәсіптің жүрегі болып саналады. Сондықтан қазіргі таңда сол егіс жинаудың науқанына дайындықты баяндадым. Оқу науқанына мектептер дайын. Ақмола облысында үш ауысымды, апатты мектеп жоқ.

Мемлекет басшысы сондай-ақ Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады. Биыл облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,82 триллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ке жоғары. Құны 337 миллиард теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы 3,4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

ҚҰМАР АҚСАҚАЛОВ, ҚОСТАНАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:

Осы жылдың аяғына дейін 4 ірі зауыттың құрылысы бітіп, ашылатын болады. Біріншісі - жаңа автозауыт. 1,5 мың адам жұмысқа тартылатын болады. Екіншісі - жүк таситын машиналар жасайтын түрлі компоненттер жасайтын зауыт. Жеңіл машиналар жасайтын автокомпонент зауытының құрылысы бітіп қалады осы жылда. Төртінші зауыт - ірі кондитер фабрикасы.