Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Иран-Ирак шекарасы маңында жойқын зілзаладан бірнеше жүздеген адам мерт болды

AstanaTV
13.11.2017ж. 20:00
2665
Иран-Ирак шекарасы маңында жойқын зілзаладан бірнеше жүздеген адам мерт болды

Иранда болған жойқын жер сілкінісі салдарынан қаза тапқандар саны 330 адамнан асты. Иракта да табиғи апат салдарынан көз жұмғандар бар. Жер асты дүмпуінің ең қатты сезілген тұсы - Иран-Ислам мемлекеті аумағында, - деп хабарлайды Рейтерс агенттігі.

Екі жарым мыңға жуық адам түрлі деңгейде жарақат алған. Жергілікті ауруханалар толып қалған. Соған қарамастан, жаралы тұрғындар үсті үстіне жеткізілуде. Үйінді астынан адамдарды тірідей алып шығу мақсатында құтқарушылар тынымсыз жұмыс істеп жатыр. Үйлерін тастап қашқан адамдар қайта оралуға қорқып қалған. Саз балшықтан салынған үйлері бар ауылдарда жағдай тіпті адам шошырлық.

Бір ғана Керманшах провинциясында 900-дей адам жарақат алған. Бұл сан әлі де артуы мүмкін. Аймақ губернаторы қаза болғандарды аза тұту мақсатында 3 күндік қаралы күн жариялаған. Қызыл ай қоғамының ақпарынша, 70 мыңға жуық ирандықтар баспанасыз қалды.

Бүгін гуманитарлық көмектің алғашқы легі жетті. Түркия Иракқа көмек қолын созып, іздеу-құтқару командаларын жіберген. Ирактың ішкі істер министрлігі дайындықтың жоғары екенін атап өтті. Зардап шеккен аймақтарда кезекшілік жүргізілмек. Жер сілкінісі салдарынан Сүлейман провинциясындағы Дарбандихан су бекеті де бүлінген көрінеді. 


Еске салсақ, Иран мен Ирак шекарасында күші 7,2 баллдық жер сілкінісі болған еді. Күшті дүмпу Израиль, Сауд Арабиясы мен БАӘ және Йеменде де сезілген.