$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Бірнеше әкімшілік айыппұлы бар павлодарлықтардың көлігі айып тұрағына қойылып жатыр

AstanaTV
13.11.2017ж. 20:00
3069
Бірнеше әкімшілік айыппұлы бар павлодарлықтардың көлігі айып тұрағына қойылып жатыр

Айыппұл төледіңіз бе? Бұл - керекулік жол полицейлерінің 1 аптадан бері көлік жүргізушілеріне жиі қоятын сұрағы. Шаһарда «Борышкер» жедел алдын алу шарасы бастамасын алды. Науқан басталғалы 18 темір тұлпар айып тұрағына тоғытылған. Әкімшілік жазадан қашып, тиісті қарызын төлемейтіндермен бұлайша күресудің себебі неде? Әріптесім Әсемгүл Мұхитқызы зерделеп көрді. 

"Ескертпе келмеді" деп, қарызын төлемейтіндер саны арта түскен. Ішкі істер басқармасы берген ақпарға сәйкес, жыл басынан бері Павлодарда 468 млн теңгеге айыппұл салынған. Оның тек жартысына жуығы, яғни 250 миллионы ғана төленіпті. Сондықтан полицейлер осындай қатаң шара қолдануға тура келгенін айтады.

Нұрғали Омарбеков, Павлодар қалалық ІІБ басшысының орынбасары:

Ұялы телефондарды қолданғаны үшін, белдік тағылмағаны үшін және тоқтау сызығын өтіп кеткен кісілер және қызыл түске өтіп кеткендер.

Түсірілім барысында 10 шақты көлік тоқтатылды. Соның сегізінде жүргізушінің әкімшілік айыппұл бойынша қарыз екені анықталды. Тіпті бір емес, екі-үш рет жол ережесін бұзғандар да бар. Айыппұл көлемі 2 мың теңгеден 30 мыңның аралығында. Темір тұлпар қожайындарының ішінде жол ережесінің қарапайым талаптарын білмейтіндер де кездесті.

Полицейлердің айтуынша, Павлодарда бір басында жарты миллион теңге берешегі бар жүргізуші анықталған. Оның қымбат көлігі бірнеше жыл бойы айып тұрағында қаңтарылып тұр. Қордаланған қарызға әр тәулікке төленетін тұрақтың ақысын қосыңыз. Сондықтан кейбір азаматтарға бұл жерден көлігін алып кетудің өзі қып-қызыл шығын.

Әсемгүл Мұхитқызы, тілші:

Жыл басынан бері айыппұл тұрағына екі жарым мыңнан астам көлік қойылған. Полицейлердің айтуынша, бұл жерде жылдар бойы тұратын темір тұлпарлар да бар. Тек «Борышкер» акциясы барысында полицейлер 18 көлікті айыппұлмен осы тұраққа әкелген.

Рейд барысында байқағанымыз, көлік қожайындарының көпшілігі айыппұл төлеуге құлықсыз. Бірден телефонға жармасып, мәселені «өзінше» шешуге тырысатындар да аз емес. Арасында лауазымы мен «дөкей танысын» желеу еткендер де бар. Ішкі істер басқармасы берген ақпарға сәйкес, айыппұлдан қашқақтайтындардың 7-8 пайызы - шенеуніктер. 

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ