Астанада 6 жасар қыздың үстіне футбол қақпасы құлап кетті. Бала жансақтау бөлімінен бір-ақ шыққан. Қазір Ямур ауруханада жатыр, ал оның анасы бұл оқиғаға кім жауапты екенін білмей дал.
НАЗЕРКЕ АЛТЫНБЕК, ТІЛШІ:
Ямур биыл күзде бірінші сыныпқа баруы керек еді. Дұрыс орнатылмаған қақпаның кесірінен ата-анасы тұңғыштарының мектеп табалдырығын аттағанын осы жылы көре алмаймыз деп отыр. Көршілердің айтуынша, бұған дейін футбол қақпасы стандартқа сай салынбаған, мықтап бекітілмеген. Оқыс оқиғадан кейін ғана әкімдік өкілдері келіп, оны жөндеп кеткен дейді.
Анасының айтуынша, жедел жәрдем дер кезінде келмеген. Ауруханаға жеткізілгенше басына қан құйылып кетті дейді. Бала өздігімен дем ала алмай, жүрек қағысы әлсіреген.
АҚПЕЙІЛ ҚАРАТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Отыра алмаған кезінде, әлі аяққа тұрмаған кезінде, менің аяғым сынып қалды ма? енді мен жүре алмаймын ба деп сұраған кездер болды. Қазір енді Аллаға шүкір күннен күнге оңалып келеді. Бірақ дәрігерлердің айтуынша бізде ұзақ уақыт ем жүргізіледі.
Оқиғадан кейін баланың жағдайын білуге әкімдік өкілдері келіп, көмек болатынын айтқан. Ал жауапкершілікті құрылыс компаниясына сілтеген көрінеді. Бірақ, ондағылар басын алып қашып отыр.
"ЕЛОРДА ҚҰРЫЛЫС КОМПАНИЯСЫ" ЖШС БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
«Шығыс» 3А тұрғын үй кешеніне қызмет көрсетудің кепілдік мерзімі 2024 жылдың 11 шілдесінде аяқталды, осыған байланысты «ЕҚК» ЖШС көрсетілген мерзімнен бастап аталған тұрғын үйге қызмет көрсетуге жауапты емес.
Ата-ана кінәліні таппай әлек. Қазір арнайы заңгер жалдап, мәселені заң шеңберінде шешпек.
АЙГҮЛ СМАҒҰЛОВА, ЗАҢГЕР:
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Куәгерлерден жауап алынуда, оның ішінде Ямурдың жанында болған үш құрбысы да бар. Сонымен қатар, аурухананың берген медициналық қорытындысын мұқият зерттейміз. Әкімдік, тұрғын үй кешенін салған компания және өзге де жауапты тараптардың құжаттарын да қарап шығамыз. Ең алдымен, футбол қақпасын кім орнатып, оған нақты кім жауапты болғаны — заң аясында анықталатын болады.
Заңгердің айтуынша, қазір Ямурдың ата-анасы материалдық жағынан да қиын күйде отыр. Тергеу амалдарынан бөлек, әкесі 1 және 4 жастағы екі баламен үйде қалып, жұмысқа шыға алмай жүр. Ал анасы күндіз-түні ауруханада қызын күтуде. Сонымен қатар, баланың еміне де айтарлықтай қаражат кетеді. Жауапты тарап бұл шығындарды өтеуге міндетті.
ЭЛЬМИРА ШАУЛЕНОВА, ҚАЛАЛЫҚ ПД БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ:
Денсаулыққа зиян келтіруге әкеліп соққан, сапасыз жұмыс орындау дерегімен қылмыстық іс қозғалды. Полиция жауапты тұлғаларды, спорт нысандарының техникалық жағдайын қолға алуға және балалардың қоғамдық орындарда қауіпсіздігін қамтамасыз етуге шақырады.