АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
«Айта айта Алтайды, Жамал апам қартайды. Қарызы көп, былық көп, ҚТЖ-дан бақ тайды». Теміржолдың әуеніне төңкеріліп жүргенде өзіміз де шаршап, шумақтататын күнге жеттік. Салада былықтың көбі рас. Оны компания басшысынан бастап министрге дейін мойындап отыр. Елде 16 шақырым желі болса, оның 57 проценті тозған. Бұл – тең жартысынан көп. Бірақ бұрын ҚТЖ-ны басқарған, қазіргі көлік министрі «осыған да шүкір» деп, бұдан көбейтпей ұстап тұрғанын мақтанышпен айтты.
НҰРЛАН САУРАНБАЕВ, ҚР КӨЛІК МИНИСТРІ:
Бұл пойыздардың қозғалыс жылдамдығы мен қауіпсіздігіне әсер етеді. Инфрақұрылым мүмкіндіктері толық шегінде жұмыс істеп тұр.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Сапа мен баға туралы айтудың өзі ұят. Қыста азынаған желмен жетеді. Жазда қапырықпен қақталады. Қоңыз, шіркеймен бірге жатып, сасық иістен сілесі қатады. Сөйте тұра билет таппай қиналады. Амалдың жоғынан алып-сатарлардан үстіне ақы қосып, қамданады. Министрліктен «бұл мәселе қашан шешіледі осы?» деп сұрасаң, саспайды, сөйлесеміз деп сендіреді. Ал, бұл жолы берген уәде - 2030 жылға дейін реттеу. Демек, тағы бес жыл жайлы орын табу үшін делдалдардың жолын бағуымыз мүмкін.
ТАЛҒАТ АЛДЫБЕРГЕНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
2030 жылға қарай жылжымалы құрам паркін жаңартып, ұлғайтқаннан кейін бұл мәселе шешіледі.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Сырты бүтін, іші түтін тек вагон емес. Компанияның өзі де осының сиқын кешіп отыр. Сырттай бәрі жақсы дегенімен қарызға белшеден батқан. 3,2 трлн теңге берешегі бар. Қарызы бар адам қымсынады деуші еді, бірақ ҚТЖ былығы бола тұра топ-менеджерлер мен директорлар кеңесінің мүшелеріне 790 млн теңге бонус бөліпті. Бірақ жаңа басшының мұнымен шаруасы жоқ. Себебін түсіндіре алмай біраз қиналды.
ТАЛҒАТ АЛДЫБЕРГЕНОВ, «ҚАЗАҚСТАН ТЕМІР ЖОЛЫ» ҰК» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:
Бонус жайлы айтар болсам, оның мөлшерін тек директорлар кеңесі шешеді.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Бұл – салада бәрі кері кетіп жатыр дегенді білдірмейді. Алға басқан бастамалар жоқ емес, бар. Мәселен, жақында пойыздарға Илон Масктың интернеті орнатылмақ. Әзірге оның қалай жұмыс істейтіні белгісіз. Вагон түгілі, кей ауылдарға ғаламтордың қолжетімсіз екенін ескерсек, бұл жүйенің жемісті боларына күмән туады. Не болса да Үкімет басшысы «тездетіңдер» деп тапсырма берді.
ОЛЖАС БЕКТЕНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:
Қызмет көрсету сапасы мен вагондардың жағдайына қатысты халықтың тарапынан арыз-шағым азайған жоқ.
АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:
Қысқасы, министрлікке нақты пәрмен берілді. Алда - аз уақыттың ішінде жыртықты жамау міндеті тұр. Енді «Қазақстандықтар пойызды сарқыт тасу үшін қолданады» деген Сауранбаев, әйтеуір, жүк тасмалдауға осы да болады деп қолын сілтемесе болғаны.