Астанада қазақ-өзбек ғылыми-шығармашыл зиялыларының алғашқы форумы өтті. Іс-шара Өзбекстан Олий Мәжілісі Сенатының Төрағасы Танзила Нарбаеваның ресми сапары аясында ұйымдастырылды. Форум барысында екі елдегі ғылыми және мәдени ортаның өкілдері мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты нығайтуға, халықтық дипломатияны дамытуға және дәстүр сабақтастығын сақтауға қатысты маңызды мәселелерді талқылады. Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Өзбекстан зиялыларының алғашқы форумы Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен өткізіліп жатқанын айтты.
МӘУЛЕН ӘШІМБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Соңғы жылдарда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Өзбекстан Президенті Шавкат Миромонович Мирзиеевтің басшылығымен қазақ-өзбек қарым-қатынасы бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге көтерілді. Бұл ретте мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық басым бағыттардың бірі екенін атап өткен жөн. Шын мәнінде, мәдениет, өнер, білім дегеніміз – ешқандай саясат салқыны бұза алмайтын мызғымас көпірлер. Олар қашанда ортақ тарихқа, өзара құрметке және құндылықтарға табан тірейді.
Өз кезегінде Танзила Нарбаева Форумда айтылған идеяларға қолдау білдіріп, оны өткізудің өзекті екенін және мұндай тың бастаманың мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі кеңейтудегі ерекше маңызын атап өтті.
ТАНЗИЛА НАРБАЕВА, ӨЗБЕКСТАН ОЛИЙ МӘЖІЛІСІ СЕНАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қазақ-өзбек арасындағы байланыс ғасырлар бойы нығайып келеді. Экономика — адамдардың өмірін жеңілдетіп, әл-ауқатын арттыратын қуатты драйвер екені сөзсіз. Бірақ, шабытсыз, ғылыми ізденіссіз, жаңашыл рухсыз реформаларды толық жүзеге асыру мүмкін емес. Сондықтан біздің президенттеріміздің аталған салаларды қолдауы — өте дұрыс шешім деп санаймын.
Форумда тараптар қазақ-өзбек байланысын одан әрі нығайтуға арналған жобалар мен идеяларды іске асыру жөнінде өз ойларын айтып, ұсыныстарын жеткізді.