2025 жылғы 20 тамызда Ішкі істер министрлігі (ІІМ) Абай облысында үш баланың қаза болуына себеп болған жол-көлік оқиғасына байланысты ресми хабарлама таратты, хабарлайды Astana TV.
Ведомство мәліметінше, апатқа кінәлі жүргізуші оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.
“Сот шешімімен оған екі айға қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Қылмыстық істің тергеу барысы ІІМ бақылауында”, – делінген ресми хабарламада.
Қазіргі уақытта тергеу жұмыстарын Абай облыстық полиция департаменті жүргізіп жатыр.
Еске сала кетейік, қайғылы жағдай 2025 жылдың 19 тамызында сағат 16:00 шамасында Үржар ауданына қарасты Бестерек ауылында орын алған. Алдын ала деректер бойынша, 55 жастағы Toyota көлігінің жүргізушісі басқаруды жоғалтып, үйдің қақпасы маңында, жолдан шамамен он метр қашықтықта тұрған алты баланы қағып кеткен. Оқиға салдарынан екі бала сол жерде жан тапсырған, ал үшінші бала ауруханаға бара жатқанда көз жұмған.
Апат болған жерге шұғыл түрде Астанадан Қорғаныс министрлігінің әскери-көлік авиациясымен дәрігерлер жеткізілген.
Қаза тапқан балалардың жасы 2 мен 7 жас аралығында екені белгілі болды. Тағы үш бала (6-9 жас аралығында) түрлі жарақатпен ауруханаға жатқызылып, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында, оларға қажетті медициналық көмек көрсетілуде.