$537.75 €626.43 ₽6.71
×

«Маңғыстау облысы қысқы маусымға дайын» - Е. Тоғжанов

«Маңғыстау облысы қысқы маусымға дайын» - Е. Тоғжанов

«Қыстың қамын жазда ойла» демекші, Премьер-Министрдің тапсырмасымен кеңесшісі Ералы Тоғжанов Маңғыстау облысының қысқы маусымға дайындығын тексерді. Аймаққа жұмыс сапары барысында ол облыс әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергеновпен бірге Маңғыстау атом энергетикалық комбинатына барды. Бұл кәсіпорын өңірді жылумен, ауыз сумен және электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Бірақ зауыттағы құрал-жабдықтар тозып тұр.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Қазір тозу деңгейі 80 пайызға жуық. Бұл өте жоғары көрсеткіш. Әрине, оны шешу үшін уақыт қажет. Дегенмен нақты шешім қабылданды. Магистральдық желілердің 22 шақырымының 20 шақырымы жөнделді. Қалған жұмыстарды 15 қазанға дейін толық аяқтаймыз.

Кеңесшінің айтуынша, өңір қысқы маусымға дайын. Мұны аудан әкімдері де растады.

ЕРАЛЫ ТОҒЖАНОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ:

Бүгін барлық басқарма басшылары, оның ішінде білім беру және денсаулық сақтау саласының жетекшілері жылу маусымына 100 пайыз дайынбыз деп есеп берді. Бұл хаттамада тіркелді. Сондықтан жалпы Маңғыстау облысы қысқа дайын деуге болады.

Жергілікті өкілдер Тоғжановқа өз өтініштерін де жеткізді. «ҚазТрансГазАймақ» компаниясының мәліметінше, Маңғыстау атом энергетикалық комбинаты шамамен 10 миллиард теңге қарыз, соның 5 миллиарды - негізгі берешек. Кеңесші кәсіпорындағы мәселе жұмыс тәртібінде шешілетінін айтты. Сондай-ақ ол тұщыландыру зауытының жұмысымен, магистральдық және жылу желілерін жөндеу барысымен танысты. Сапар қорытындысында Ералы Тоғжанов қыстың ортасында аймаққа қайта келіп, уәделердің қаншалықты орындалғанын жеке тексеретінін мәлімдеді.