Махаббат Пардаева сегіз жастағы ұлы Артемнің өлімі кездейсоқ болғанына сенбейді. Айтуынша, ұлын бірге ойнап жүрген балалар өртеп жіберген. Олар аулада тұрған жеңіл көліктің жүксалғышынан канистрді алып, ішіндегі бензинді ұлының үстіне шашқан. Сол кезде біреуі сіріңке тұтатып, Артемге лақтырады. Тірілей өртеніп, жалынға айналған жеткіншек үйіне жүгіріп жетіп, өзіне кімдердің қастық жасағанын әжесіне айтып үлгіреді. Денесінің сау-тамтығы қалмаса да, ақыл-есінен айрылмаған, дәрігерлермен тілдесіп, сұрақтарына жауап берген. Бірақ мұның бәрі тергеу кезінде ескерілмеді, куәгерлер толық сұралмады, осылайша кінәлілер табылмады, - дейді күйінген анасы.
МАХАББАТ ПАРДАЕВА, БАЛАНЫҢ АНАСЫ:
Балалар әдейі өртеді. Өйткені екі аяғымен келген балам: Они хотели меня убить!, - деді. Басқа үлкендеу балалар үстіне бензин шашқан. Үстіне спичка жаққан. Балаға психолог, психиатр керек. Оған көмек керек, емдеу керек. Өйткені анандай істі жасаған 6 жасар бала ертең өскенде басқа балалар зардап шегеді ғой. Біздікін біз жерледік қой. Бірақ басқа балалар бар ғой.
Полиция осы оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
НҰРЖАН ҚУАНҒАЛИ, БҚО ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Кәмелетке толмағанның қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіледі. Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтау үшін қажетті сараптамалар тағайындалды және қажетті шаралар жүргізілуде. Тергеу қорытындысы бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес шешім қабылданатын болады.