Жаңа оқу жылы қарсаңында "AMANAT" партиясы аз қамтылған, көпбалалы отбасыларға көмек қолын созды. "Баланы мектепке даярлайық!" акциясы аясында Астанада 100-ге жуық жеткіншекке оқу құралдары табысталып, 5 отбасыға 150 мың теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілді. Жауаптылар оқу жылы басталғанға дейін 3 мың балаға жәрдем берілетінін айтады. Осылайша қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп жағдайын айтқан ата-аналардың өтініші орындалып жатыр.
САНИРА ЖҮСІПОВА, "AMANAT" ПАРТИЯСЫ ЕСІЛ АУДАНДЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Барлық партияластар бір ұжым болып қосылып, бүгінде Есіл ауданындағы көп балалы, аз қамтылған отбасылардың балаларын мектепке даярлап жатыр. Балаларды дұрыс тәрбиеге шақыру мақсатында таңғы жаттығу жасап, жаңа форматта біз оқу құралдарын табыстадық.
2010-жылдан бері өткізіліп жатқан науқан Оралда да жалғасын тапты. Өңірде 100-ге тарта отбасының керек-жарағы түгенделді. Жыл сайын облыстағы бастауыш партия ұйымдары мыңнан астам жеткіншекті оқу құралдары, мектеп және спорттық формаларымен қамтамасыз етеді екен.
АҚМАРАЛ ЕЛЕМЕСОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БҚОФ ӘЙЕЛДЕР ҚАНАТЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Балаларды мектепке жинау үлкен шығын. Рюкзактары бар, киімдері бар. Соларға көмек болсын деп Әйелдер қанатынан көпбалалы отбасыларға көмек көрсетіп жатырмыз.