$537.34 €623.05 ₽6.65
×

Astana Finance Days 2025: Болашақ капиталы Астанада талқыланады

25.08.2025ж. 10:46
Astana Finance Days 2025: Болашақ капиталы Астанада талқыланады

Әлемнің 70-тен астам елінен 5 мыңнан аса қаржыгер, инвестор мен инноватор жиналып, капитал мен технологияның жаңа мүмкіндіктерін талқылайды

2025 жылғы 4-5 қыркүйекте Астанада VIII Astana Finance Days (AFD) форумы өтеді. Жылдың басты қаржы оқиғаларының бірін Astana International Forum қолдайды.

Биылғы форумның тақырыбы – «Болашақтың негізін қалайтын капитал». Ол ағылшын тіліндегі capital сөзінің екі мағынасын қамтиды: Астана – ел астанасы әрі Шығыс пен Батысты байланыстыратын қаржы орталығы, сондай-ақ орнықты өсудің негізгі қозғаушы күші саналатын капитал.

Әлемде қаржы ресурстары үшін бәсеке артып отырған шақта капиталды тиімді пайдалану – климаттың өзгеруі, экономикалық өсім және жаңа технологияларды дамыту сынды сын-қатерлерді еңсерудің басты жолы ретінде қарастырылуда.

Форумға әлемнің 70-тен астам елінен 5 мыңнан астам қатысушы келеді деп күтілуде. Олардың қатарында банкирлер, брокерлер, инвесторлар, ірі компания жетекшілері мен инновация саласының мамандары бар.

Astana Finance Days үш негізгі бағытқа басымдық береді:

  • қаржылық капитал – жаңа қаржылық өнімдер, портфельдік инвестициялар мен криптовалюталар;

  • инфрақұрылымдық капитал – өңірлік және жаһандық жобаларды дамыту;

  • институционалдық капитал – тұрақты даму мен жаңа реттеу трендтері.

Басты спикерлердің арасында әлемге танымал футуролог әрі «Банк 4.0» және «Техносоциализм» кітаптарының авторы Бретт Кинг бар. Сондай-ақ қазақстандық және халықаралық ірі қаржы ұйымдарының басшылары – Ораз Жандосов, Тимур Турлов, Ғалым Хусаинов, Жад Эллаун, Рияд Юсуф, Хани Каблави, Мешаль Джабер Әл-Фарас және басқа да сарапшылар сөз сөйлейді.

Биылғы форумның ерекшелігі – AFD Exhibition Hub көрме алаңы. Мұнда капитал мен цифрлық инновациялар нарығындағы компаниялар өз шешімдерін таныстырып, стратегиялық серіктестермен тікелей байланыс орнатады.

Форумды «Астана» халықаралық қаржы орталығы ұйымдастырады. GFCI рейтингі бойынша ол – Шығыс Еуропа мен Орталық Азиядағы №1 қаржы орталығы. Іс-шара Freedom Broker, KAZ Minerals және басқа серіктестердің қолдауымен өтеді.