Шымкенте Президент резиденциясы дарынды балаларға арналған лагерь болып қайта құрылды. Онда Олимпиада жеңімпаздары, өнертапқыштар, ғылым мен мәдениет саласында жетістікке жеткен жеткіншектер арнайы бағдарлармен тәрбиеленеді. Бұл туралы қалалық тамыз кеңесінде айтылды.
Дәстүрлі тамыз кеңесінде білім жүйесінің дамуына үлес қосқан ұстаздар марапатталды. Білім саласындағы үздік жетістіктері мен салаға сіңірген айрықша еңбегі және жас ұрпақты оқытып тәрбиелеу ісіндегі елеулі табыстары үшін құрметке бөленді.
ҰЛҒАН МӘМЕШОВА, «Ы.АЛТЫНСАРИН» АТЫНДАҒЫ ТӨСБЕЛГІ ИЕГЕРІ:
Бүгінгі жүктелген міндет бізге өте ауқымды. Өте күшті. Міне, қазір жасанды интеллект деп отыр. Бұл бізге үлкен серпіліс беріп отыр. ...Президентіміз бізге барлық жағдайды жасап отыр. Ұстаздар әруақытта кәсіби дамып отыруы керек.
Кеңесте мақсаттар мен міндеттер нақтыланды. Педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыру, цифрлық ресурстар мен платформаларды, жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану туралы айтылды. «Адал азамат» тәрбиелеуде мектеп пен отбасының біртұтастығы мәселелері қаралды.
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ, ҚР ОҚУ-АҒАРТУ МИНИСТРІ:
Бұл біздің болашақта мектептегі буллинг немесе жасөспірімдер арасындағы қылмыстың, басқа да келеңсіз мәселелердің жолына тосқауыл болатын үлкен бағдарлама болып есептеледі.
Жаңа оқу жылында 397 мың оқушы білім алады. Биыл 10 мектеп күрделі жөнделді. Бұдан бөлек 6 нысан салынып жатыр.
ҒАБИТ СЫЗДЫҚБЕКОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
Соңғы 4 жыл ішінде ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Қала бюджетінің 37% білім саласына бағытталып, соңғы 2 жылда 39 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілді. Келешек ұлттық мектеп жобасы аясында 12 мектеп іске қосылды.
Кеңес секциялық жұмыстармен жалғасты. Сондай-ақ, білім көрмесі ұйымдастырылды.