$535.99 €626.36 ₽6.64
×

Енді дүкен сөрелері отандық өніммен толығады

Енді дүкен сөрелері отандық өніммен толығады

Президент Жолдауында берілген тапсырмаға сәйкес, дүкен сөрелерінінің кемінде жартысы қазақстандық тауарларға арналуы тиіс. Бұл қадам ішкі нарықты қорғауға және жергілікті өндірушілерді қолдауға бағытталған. Үкіметтің жаңа бастамасы жөнінде әріптесім Ақбота Базарбай тарқатады.

АҚБОТА БАЗАРБАЙ, ТІЛШІ:

«Өз қолыңнан шыққанды өгейсітпе» дейді қазақ. Енді дүкен сөрелерінде отандық тауарға кеңірек орын берілмек. Президент Жолдауында айтылған тапсырмалардың бірі - қазақстандық кәсіпорындарды қолдау, ішкі нарықты қорғау. Сол міндетті жүзеге асыру үшін үкімет жаңа бағдарлама бастады. Енді дүкен сөрелерінің кем дегенде жартысы - өзіміздің өнімге арналуы тиіс.

БЛИЦ:

- Өзіміздің отандық өнімді қолдамасақ кім қолдайды деген сияқты ғой. Өз басым мен тек отандық - Сөрелерде отандық өнім қазір көп, бағалары, әсіресе, қазақстандық тауарлардың тұрақты.

 - Қазақстанның өнімін қолдаймын. Қазақстандық өзіміздің өнімді таңдар едім. +Киімдері сапалы, біз футболкалар аламыз. 1-2 жыл киесің. 

Сапасыз ас- саулықтың қас жауы. Сол үшін де тексеріс күшейтіліп отыр. Тауардың шыққан елін анықтау ережесі де қайта қаралды. Қазір бірыңғай реестр құрылуда. Бұл тізімге енген отандық кәсіпорындар мемлекеттік қолдауға ие болады, әрі мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуларға қатыса алады.

АРМАН ШАҚҚАЛИЕВ, ҚР САУДА ЖӘНЕ ИНТЕГРАЦИЯ МИНИСТРІ:

Барлық бақылаушы органдардың қатысуымен Ахуалдық штаб тиімді жұмыс атқаруда. 47 мыңнан астам көлік тексерілді, тауарлық салмақта бұл 600 мың тоннадан астам мал шаруашылығы өнімдері. Оның ішінде 900-ден астам автокөлік кері қайтарылды, 1 мыңнан астам сәйкестікті растау құжаттарының күші жойылды.

Әр қазақтың дастарханына ең әуелі өз топырағында өскен дән, өз жерінде өндірілген ас барса, елдің де еңсесі көтеріледі. Отандық өнімнің үлесін арттырудың астарында дәл осындай үлкен мақсат жатыр.

АРМАН БЕЙСЕМБАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Бұл қадам отандық бизнеске серпін береді. Біріншіден, өндірушілер өнім сапасын арттыруға мүдделі болады. Екіншіден, нарықтағы үлесін кеңейтіп, жұмыс орындарын сақтайды. Үшіншіден, тұтынушылар үшін таңдау артып, азық-түлік қауіпсіздігі нығаяды.

Бұл бастама кәсіпкерлерге де, тұрғындарға  да тиімді. Отандық өндірушілерге дем беріп, тұтынушыға қауіпсіз әрі сапалы өнім ұсынылады.