Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Оралда үш адамды өлтірген күдіктінің ақыл-есі дұрыс болып шықты

AstanaTV
14.11.2017ж. 20:00
2639
Оралда үш адамды өлтірген күдіктінің ақыл-есі дұрыс болып шықты

Оралда үш адамды өлтірді деп күдікке ілінген Әділет Камалиевтің ақыл-есі дұрыс болып шықты. Бұл туралы облыс прокурорының орынбасары мәлімдеді. Екі айға созылған психологиялық-психиатриялық сараптама қорытындысы осындай. Тергеу барысында қанды оқиғаның қалай өрбігені айқындалып, күдікті ауыр қылмысқа саналы түрде барғанын мойындаған. Құрбандарын араға уақыт салып, бірінен соң бірін өлтіргендіктен, ол бірнеше қылмыс жасады деп айыпталды. Кінәсі дәлелденсе, кемі 15 жылға бас бостандығынан айрылуы мүмкін.

Александр Цуранков, БҚО прокурорының орынбасары:

Сараптама қылмыстың салқынқандылықпен жасалғанын анықтап берді. Күдікті қылмыс жасаған кезде аффект жағдайында болмаған. Тергеу барысында Камалиев адам өлтіргеніне өкінетінін жеткізді. Соттың өзіне кешірім танытуын сұрап отыр.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Оралда өртенген үйден үш адамның денесі табылды. Екеуі - әйел, үшіншісі - кішкентай сәби. Көп ұзамай күдікті қолға түсті. Полицияның алдын ала дерегінше, Әділет Камалиев өзімен бас қосуға келіспеген келіншек пен оның ұлын және құрбысын өлтіреді. Қылмысын жасыру үшін үйді өртеп жіберген.   

Еркін КАРИН