Қазақстан өңірлерін аралап жүрген «Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы үш айдың ішінде 7 облыстағы 57 ауылға аялдап, 45 мыңға жуық тұрғынға тегін қызмет көрсетті. Жоба «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен жүзеге асып жатыр.
Дәрігерлер ауыл тұрғындарына кең ауқымды көмек ұсынды: 153 шағын ота жасалды, 2 мыңнан астам стоматологиялық қызмет көрсетілді, тар бейінді мамандардың қабылдаулары, УДЗ, рентген, ЭКГ және зертханалық тексерулер жүргізілді. Бұдан бөлек, 2,5 мың адам психологиялық қолдау алып, 2 435 тұрғынға құқықтық және медиативтік көмек көрсетілді.
Жоба алдағы уақытта Павлодар, Шығыс Қазақстан, Абай, Алматы, Жетісу, Қарағанды, Ұлытау, Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарына баруды жоспарлап отыр.
Медициналық пойыз халықтың әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға сапалы медициналық қызметті қолжетімді етуге бағытталған.