Роблокс ойыны -қауіпті. Оқу-ағарту министрлігі мен Балалар құқығын қорғау Комитеті дабыл қағуда. Ойын арқылы жеткіншектерді алдау әрекеттері жиілеген. Онлайн ойын орға жықпасын десеңіз, әр ата-ана баласын бақылауда ұстағаны жөн дейді мамандар.
АЙЖАН ИМАНҒАЛИ ТІЛШІ:
Бұл – балалар арасында кеңінен танылған роблокс ойыны. Түрлі кейіпке енген ойыншылар өздерінің жеке әлемін құрады, қиялына сай үй тұрғызады, ұпай жинайды, тіпті, зорлық-зомбылықтың белгісі бар ойға сыймас тапсырмалар орындайды. Алайда оның артында кімдер тұр?
БІРЖАН ЕРЕЖЕЕВ, IT МАМАНЫ:
Кішкентай бала секілді, бірақ ар жағында ересектер отырғанын ешкім біле қоймайды. Өздерінің чаттары бар, сол чат арқылы байланысқа шығып, керекті мәліметтерін ала алады. Джи мейл почта болсын, кез-келген ақша бар карта болсын.
Ұлының телефонындағы зиянсыз болып көрінген ойындарға аса мән бермеген Әсел Саңбаева карта шотындағы бар ақшасынан айырылып қала жаздағанын айтады.
ӘСЕЛ САҢБАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Телефоныма смс-код келді, ұлымнан сұрасам ойынның коды екен. Қарасам, ақшаға сатылатын ойын екен. Кодты жазбадық, бірден өшіре салдым, баламды содан бастап қадағалауға алдым.
Ойынның қызығында жүрген бала мұндай ойындардың сана-сезімге, психикаға кері әсерінен хабарсыз. Адам шошырлық тапсырмалар орындайды, ойында тірі қалудың амалын жасайды, осылайша шынайы өмірден алшақтайды.
НҰРАХМЕТ МҰРАТОВ, 7 ЖАСТА:
Задание адамдардан алу керек, сосын бостарды өлтіру керек. +Содан бір награда береді, соны алып, содан өлтіре береді. Сосын выживат етіп, арттан монстр қуады.
Оқу-ағарту министрлігі балалар арасында кең тараған кейбір мобильді ойындардың соңында қаскүнемдер жасырынғанын айтты. Roblox ойыны арқылы сенімге кіріп, жасөспірімдерді алдайтын әрекеттер жиілеген. Сондықтан ата-аналарды сақ болуға шақырады. Бала мінезіндегі тұйықтық, агрессия мен мазасыздықты елеусіз қалдырмауға кеңес береді.
Ал, әлеуметтік желіде тараған бұл видеода әкесінің ұлынан аса танымал мобильді ойын жайында сұрап жатқанын байқауға болады. Қайта, Астана тұрғыны бұның суицидке итермелейтін қауіпті ойын екенін бірден аңғарған.
БЛИЦ:
- Сестренкамның 3 бала-шағасы бар, соңғы 1,5 жылда полный запрет қойдық, потому что баланың мінез-құлқы қатты өзгерді.
- Роблокс сияқты ойындарда бала өзінің ойын жасай алады, жалпы өзінің қиялына қарай дами алады, өзінің белгілі мөлшерінде қолданса қауіпсіз болады деп ойлаймын.
- Шектеу керек міндетті түрде, бала білмейді. Қызығып ойнай береді, ойнай береді. Сосын секіріп кетеді, сосын өзіңіз білесіз аяғында не болатынын.
Көп елде роблокс арқылы жасалатын қылмыс артқан. Кейбірі мұндай ойындарға тыйым салғанымен, ойынның шырмауында жүрген жасөспірімдер әлі қаншама. Қалай дегенмен, әр ата-ана өз баласына өзі жауапты.