Бұралқы иттерден қорыққан оралдықтар баласын мектепке жіберуге қорқып отыр. Өйткені қараусыз қалған хайуандар әсіресе қала іргесіндегі елдімекендерде күрт көбейген. Асан ауылы үшін бұл көрініс үйреншікті жағдайға айналған. Бірақ тұрғындар санаулы күндерден кейін мектепке баратын балаларын ит талап, мүгедек қыла ма деп қорқады. Өйткені осыған дейін бірнеше оқушыны ит қауып алыпты. Көшені жағалаған қаңғыбас иттен бала түгілі, үлкендердің де үрейі ұшып отыр.
КӘКИМА ТУЯШОВА, АСАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Немеремді мына дүкеннен шығармапты ит деген. Үнемі айтамыз енді тұр-тұр деп. Бірақ енді қашанғы қозғалмай тұрады? Құрттай жыбырласа бас салуы мүмкін ғой. Таңертең тіпті толып кетеді. Тамақ іздейтін шығар. Қазір жаз ғой. Ертең қысқа қарай күн салқындаған кезде мүлдем тамақ жоқ мезгілде тіпті қиын болады.
ҚАРЛЫҒАШ НҰҒМАНОВА, АСАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Менің де немерем бар. Осы Асан мектебінде оқиды. Таңертең оқиды. Таңертең енді ертең қараңғы түседі ғой. Қорқамыз жіберуге. Қалай барады? Білмейміз. Ит деген толып жүр. Қорқып отырмыз.
Орал қаласының өзінде бұралқы иттің саны 15 мыңға жеткен. Ветеринарлар жылдық жоспарды 60% орындаса да, итті атып, көзін жоймайынша, санын азайту мүмкін емес, дейді. Әрі қараусыз қалған хайуандардың өлексе жеп, айналаға ауру тарату қаупі де бар.
ЕРЛАН ИЩАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ВЕТЕРИНАРИЯЛЫҚ СТАНСАНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Иттің саны соңғы кезде көбейіп отыр. Мен енді 1549 басқа кастрация, стерилизация жасағаныммен, әлі 15 мыңға жақын бұралқы иттер жүр. Жоспарды орындағасын артық жасай алмаймын. Тұрғындарға айтарымыз - иттерін байлап ұстаса екен деймін. Сосын биостерилизация жасап, бірдейлендіріп, чиптеп өзінің атына тіркеуді жүргізсе екен деп айтамын жеке тұрғындарға.