Қолында қос-қостан дипломы болса да жұмыссыз жүргендер бар арамызда. Статбюро олардың саны азайып келеді деп ақпарат таратады. Бірақ оның анық-қанығын анықтау қиын. Себебі 5 млнға жуық адамның зейнетақы қорында қаржы жоқ. Әлеуметтік төлем де аударылмаған. Мамандар жұмыссыздар санын есептейтін әдіснама дұрыс құрылмаған деп дабыл қағуда. Қоғамда жұмыссыздар саны қанша? Нақты кімдерді жұмыссыздар қатарына жатқызамыз? Толығырақ "ЭКОНОМИКА" топтамасында.
Қайырлы кеш! Эфирде "Экономика. Студияда мен Сүндет Оралбек.
Екі қолға бір күрек таппай жүрген жандардың қарасы азаяр емес. 4 тоқсан қатарынан олардың үлесі 4,6 пайыз болды. Бұл ресми статистика. Бірақ 5 млн-ға тарта адамның зейнетақы шотында қаражат жоқ. Бұл жұмыссыздар санын есептейтін әдіснаманың дұрыс құрылмағанын айғақтайды. Нәтижесіз жұмыспен қамтылғандар, уақытша еңбек етіп жүргендер, экономикалық белсенділігі төмен азаматтар жұмыссыздар қатарына қосылмайды. Сарапшылар бұл тізімдегілер есептелгенде көрсеткіш 8,3 проценттен асып кететін еді дейді. Ал Ұлттық статистика бюросы екінші тоқсанда жұмыссыздар саны 2700 адамға қысқарғанын айтады. Олардың басым бөлігі сауда саласында нәпақасын тауып жүр. Ал ресми тіркеуі жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтығандар саны 170 мыңнан асыпты.
Жыл басынан бері комуналдық қызметтердің орташа тарифтері 18,4 пайызға қымбаттады. Жауапты ведомства оған көмір, газ бағасының көтерілуі себеп дейді. Одан бөлек салық мөлшерлемесі, қызмет көрсету көлемінің артуы да себеп. Өңірлердегі инфрақұрылым көңіл көншітпейді. Жылу қазандықтары тозған. Бұл мәселе де коммуналдық қызметтің құнына тікелей әсер етеді. Жауаптылар жыл соңына дейін төлемнің қалай құбылатынын болжау қиын деп отыр.
Машина жасау саласы қарқын алды. Биылғы жылдың 7 айында жалпы құны 1,16 трлн теңге болатын 83259 теміртұлпар құрастырылды. Оның 75 мыңнан астамы жеңіл, 4091-і жүк көлігі, 1361-і автобус. Отандық көліктердің ішінде Hyundai маркасына сұраныс жоғары. 30 850 дана шығарылған. Екінші орында Chevrolet. Kia, Jetour, Jac маркаларының да өндірісі өркендеген. Айта кетейік бүгінде машина жасау саласында 8 мыңнан астам адам еңбек етуде.
Мендегі бар ақпарат осы. Келесі кездескенше аман-сау болыңыздар!