Жадыраған жаз да аяқталып, жаңа оқу жылының басталуына санаулы күн қалды. Ата-ана үшін қарбалас кезең. Соңғы уақыттары азық-түлікпен қатар киім-кешек пен оқу-құралдарының бағасы да шарықтап тұр. Әсіресе күнкөрісі төмен, көпбалалы отбасыларға қиын. Мұндай отбасыларға қандай қолдау көрсетіліп жатыр? Баланы мектепке дайындау қанша тұрады? Әріптестерім тарқатсын.
ЖАНАР ДАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мектеп жәрмеңкесінде әлі ығы-жығы адам. Баласын жаңа оқу жылына дайындап үлгермеген ата-ана әлі көп секілді. Мұнда жергілікті тігін шеберханаларының шыққан оқушы формаларының сан алуан түрі бар. Таңдап жүріп алуға болады.
АЯУЛЫМ АСҚАР, САТУШЫ:
Жилеттер 5000 теңгеден басталады, комплектілер қолжетімді баға. Мысалы, комплект бізде-брюки-жилет-8000 теңге, қыздардікі тоже бар.
Елімізге мектеп формалары негізінен Түркия мен Қытайда және Қырғызстаннан жеткізіледі. Сапасына, өндірушісіне қарай баға әртүрлі. Бірақ былтырға қарағанда баға көтерілген. Сатушылардың айтуынша, тауар құны фабрикалар мен жол шығынына байланысты құбылады. Биыл 15-20 процент қымбаттаған. Тұтынушыға қолжетімді ету үшін жергілікті билік жыл сайын мектеп жәрмеңкесін ұйымдастырады.
АЛЬМИРА БИСЕКЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӘСІПКЕРЛЕР ПАЛАТАСЫНЫҢ БАСПАСӨЗ ХАТШЫСЫ:
Бастамашылары- өңірдің дизайнерлері мен тігіншілер қауымдастығы. Оған кәсіпкерлер палатасы мен білім басқармасы қолдау көрсетіп келе жатыр. Бірнеше жылдан бері сауда ұйымы қатысушыларға арнайы тегін орындар бөліп келеді.
Жәрмеңкеде ұсынылған киім-кешек жергілікті тігіншілердің қолынан шыққан. Мұнда белдемше 6000 -8000 теңге. Ақ көйлек 4000 теңгеден жоғары. Бастауыш сынып оқушылары 4000-5000 теңгеге сатып алса, жоғары сынып оқушыларына арналған ақ көйлек 8000 теңгеден саудалануда. Шалбар 4000-12 000 теңгенің аралығында, сарафан 8000 -нан. Ақ колготкиді 1000-1500 нан алсаңыз, ақ бантиктер 500 бен 1000 теңгеден сатылып жатыр.
ЖАНАР ДАТҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Мектеп формасын дайындау- ата-ананың басты уайымы қазір. Бәрі сапалы әрі қолжетімді бағамен алғысы келеді. Бірнеше баласы барлар үшін бұл тіпті маңызды. Жаңа оқу жылына қажетті дәптер-қалам тағы бар. Оның да құны арзан емес. Ол туралы әріптесім Өзгеріс Қуанар айтады.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады. Қазақтың осынау бір мақалы күзгі маусымға дәл келіп тұрған сияқты. Өйткені, баласына киім алған ата-ана, сөмке толы оқу құралын да алуы керек.
Павлодарда қалам дәптердің бағасы да сұранысқа сәйкес біршама өскені байқалады. 12 беттік жұқа дәптерді 30-40 теңгеден алуға болады. Ал қалың дәптердің бағасы да қалыңдығына сай қымбаттай береді. Ал ең арзан қаламды 50-60 теңгеден табуға болады. Бірақ, оның өзі бір-бірден емес, жұп жұбымен алсаң ғана арзанға түспек.
КРИСТИНА КОКРАДСКАЯ, САТУШЫ:
Ең сапалы оқу құралдарын алсаңыз 10 мың, 15 мыңдай шығады. Егер балаңыз 9-10 сыныпта оқитын болса, қажеттілігі аздау. Оған бояуыш заттар, басқа да ұсақ-түйек алудың қажеті жоқ. Шамамен әрі кетсе, 15 қалың дәптер, 10 шақты қалам алуыңыз мүмкін. Бұл теңгемен санағанда 3-4 мың ғана шығады. Ал бастауыш сыныпта оқитын балаға шығын біршама көп. Өйткені, дәптер, қаламнан бөлек сурет салатын альбом, бояғыш заттарды көптеп алу керек болады.
Ал оқушыларға қажеттінің бірі – сөмке. Оның да құны матасының сапалығына қарай өседі. Ең арзан деген сөмкенің өзін 5-6 мың маңатында сатып аласыз. Бұл көп баласы бар отбасы үшін оңайға соқпасы анық. Өйткені, оның киім-кешек, басқа да қажеттілігі бар.
БЛИЦ:
- 350 мың кетті. 4 балаға. Концтоварды бір тоқсанға, екі тоқсанға ғана шағындап алдық. Егер жылдығына алсақ концтовардың өзіне бәлен теңге кетеді.
- Бір балаға санағанда 100 мыңдай кетеді. Бұл тек киімге. Концтовар алу керек. Әлі алған жоқпыз. Киім мен рюзак алдық.
- Қазір балаларды школға жіберу очень дорога.
Тұрғындар пікіріне сүйенер болсақ, бір баланың сөмке толы оқу құралын алуға орташа есеппен 15-20 мыңдай теңге қажет. Ал 4-5 баласы бар отбасының шығын өзіңіз есептеп көріңіз. Қалтаға салмақ салары анық.
ӨЗГЕРІС ҚУАНАР, ТІЛШІ:
Ал көп баласы бар отбасылар үшін қандай жеңілдіктер бар. Әлеуметтік көмек көрсетіле ме? Қарағандылық әріптесім Айжан Қуаштан білейік.
АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ:
Бағаларды бағамдап қарасақ кәдімгідей қалтаға салмақ түседі. Әсіресе, көпбалалы отбасылар үшін. Сондықтан жылда түрлі акция ұйымдастырылып, көмек көрсету дәстүрге айналып келеді.
Мәселен, Қарағанды облысында биылғы оқу жылында 10 мыңнан астам оқушыға ақшалай көмек берілетін болды. Оның әр балаға шаққандағы мөлшері 46228 теңгені құрайды. Дәл бүгінге дейін бұл қаражат 4 мыңнан астам оқушының ата- аналарының немесе заңды қамқоршыларының есепшотына аударылған. Бұл - жалпыға бірдей білім беру қорынан бөлінетін, яғни мемлекеттен берілетін көмек. Ол әрине, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз және атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылар мен жетім- жесірлерге арналып бекітілген. Ал басқа тұрмысы нашар оқушыларды демеушілер қолдап жатыр.
АҚЫЛ ЕСЕНБЕКОВА, ҚАЛАЛЫҚ БІЛІМ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ:
Бұл көмектің түрі оқушыларға көбіне мектепке қажетті кеңсе заттары, яғни дәптер, қалам, рюкзат деген сияқты оқушыларға қажетті осы кеңсе заттары бойынша көп беріліп жатыр. Сонымен қатар кейбір оқуышлардың мектеп формасын алуы немесе аяқ киіммен көмектесу түрлері да кездесіп жатыр.
Қаладағы сауда үйінің бірінде арнайы жәрмеңке ұйымдастырылды. Онда мектепке киетін киім-кешектер төмендетілген бағамен сатылуда.
АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛШІ:
Мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті алуға үміткерлерден қыркүйектің біріне дейін құжат қабылданады.