$537.63 €622.52 ₽6.69
×

Президент Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденімен марапатталды

Президент Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденімен марапатталды

Қазатомпром Иорданияда уран өндіреді. Тараптар уағдаластыққа қол қойды.  JUMCO компаниясымен бірлесе атқарылатын жұмыс келер жылдың аяғына дейін іске қосылады. Одан бөлек Қазақстан мен Иордания арасында цифрландыру, ауыл шаруашылығы, инвестиция саласында ынтымақтастық артуда. Былтыр екі ел арасындағы сауда-саттық көлемі 6,4 млн долларға жеткен. Алда бұл көрсеткішті 500 млн долларға жеткізу міндеті тұр.

СҮНДЕТ ОРАЛБЕК, ТІЛШІ:

Елімізге ресми сапармен келген Иордания каролі Таяу шығыстағы ең беделді көшбасшылардың бірі. Бүгінде қазақ-иордан байланысы артып, экономика, инвестиция, мәдениет пен білім салаларында ынтымақтастық ілгерілеген. Бүгінгі келіссөздер нәтижесінде қос елдің жол-көлік, энергетика бағытындағы байланысы да беки түспек.

Қазір ақордада мәртебелі мейманды салтанатты күтіп алу шарасы өтуде. Протоколға сәйкес қос елдің ән ұраны шырқалып, делегация мүшелері таныстырылды. Енді мемлекеттер басшылары келіссөздер залына беттеді.

Иордания Таяу Шығыстағы шағын мемлекет болғанымен араб әлемінің дәл ортасында орналасқан. Көршілері сияқты мұнай мен газдың мол қорына ие болмаса да Иордания экономикалық реформалар мен жаңғырудың тамаша үлгісін көрсетіп келеді. Шағын құрамдағы келіссөзде Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің ынтымақтастығы табысты дамып келе жатқанын айтты. Бірақ, тиісті деңгейде талқылауды қажет ететін мәселелер де жоқ емес.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Бұл Сіздің елімізге алғашқы келуіңіз емес. Қазақстанның қазіргі өркендеу жолына жіті көңіл бөліп отырасыз. Екіжақты күн тәртібінде жүзеге асырылуға тиіс бірқатар мәселе бар. Сіздің жаһандағы жағдайды жетік түсінетініңізге өте ризамын. Бүгін де пікір алмасуды жалғастыруға мүмкіндігіміз мол.

ІІ Абдалла екіжақты қарым-қатынасты одан әрі нығайтудың маңызын атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты арттыруға дайын екенін растады.

II АБДАЛЛА БЕН ӘЛ-ХУСЕЙН, ИОРДАНИЯ ХАШИМИТ КОРОЛДІГІНІҢ КОРОЛІ:

Қазақстан маған өте жақын. Мұнда келген сайын Сіздің басшылығыңызбен еліңіз жүйелі түрде өсіп-өркендеп келе жатқанына куә болып, таңғаламын. Менің бүгінгі сапарым Қазақстан мен Иордания арасындағы берік достыққа құрылған тарихтың жаңа парағын ашатынына сенімдімін.

Былтыр екі елдің алыс-беріс көлемі 6 жарым млн долларға жуықтаған. Мемлекет басшысының ақпанда Амманға жасаған сапары барысында тараптар тауар айналымын 500 млн долларға дейін ұлғайтуға уағдаласқан. Енді Қазақстан құны 250 млн доллар болатын 60 өнім түрін экспорттауға дайын.  Алдағы уақытта «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясы мен Иордания уран өндіруші компаниясы бірігіп жұмыс істемек.

НҰРЛАН ЖАҚЫПОВ, «САМҰРЫҚ-ҚАЗЫНА» АҚ БАСҚАРМА ТӨРАҒАСЫ:

2026 жылдың аяғына дейін "Қазатомпром" "Жумкомен" бірлескен кәсіпорын құрайтын болады. Қазатомпромның үлесі 70 пайыз, Жумконыкі 30 пайыз. Бірлескен кәсіпорын Иорданияда уранмен айналысатын болады.

Иордания тарапы медицина, фармацевтика, халал индустриясы және қорғаныс өнеркәсібі бағытындағы тәжірибесімен бөлісуге ниетті. Сонымен қатар Royal Jordanian әуе компаниясы келесі жылы Амман мен Алматы арасында тікелей әуе рейсін ашуды жоспарлап отырғанын жеткізді. Бұл қадам екі елдің азаматтары мен іскерлік ортасының байланыстарын жандандырады. Бұдан бөлек ауыл шаруашылығы, туризм, цифрландыру салаларында ынтымақтастық әлеуеті зор.

ЖАСЛАН МӘДИЕВ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯ ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРІ:

Олар бізден жасанды интелект бағытында тәжірибе жинауға ниетті. Себебі, бұл салада жасаған еңбегіміз жетерлік. Одан бөлек ақпараттық жүйелерді құру, егов  экосистемасымен бөлісу бойынша тәжірибе алмасу болады. 

Иордания мен Қазақстан арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне елеулі үлес қосқаны үшін   ІІ Абдалла Қасым-Жомарт Тоқаевты Иордан Хашимит Корольдігінің «Әл-Нахда» жоғары орденімен марапаттады. Мемлекет басшысы ІІ Абдалла бен әл-Хусейнге және достас иордан халқына алғысын білдірді.

ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Сізді аса көрнекті мемлекет қайраткері әрі көшбасшы ретінде бағалаймын. Сондықтан бұл марапатты Өзіңізге деген шынайы құрметпен қабыл аламын. Осы айтулы оқиғаны Қазақстан Республикасы мен Иордан Хашимит Корольдігінің арасындағы өзара сенімге негізделген ынтымақтастықтың символы санаймын.

Келіссөздерден кейін қос тарап үкіметаралық және коммерциялық құжаттармен алмасты.