$537.63 €622.52 ₽6.69
×

Президенттің атынан Шахтер күні қарсаңында сала мамандары мен ардагерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді

28.08.2025ж. 14:51
Президенттің атынан Шахтер күні қарсаңында сала мамандары мен ардагерлеріне мемлекеттік наградалар табыс етілді

Шахтер күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Премьер-министр Олжас Бектенов көмір өнеркәсібінің ардагерлері мен мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, мемлекеттік наградалар табыс етті.

Қазақстан минералдық ресурстардың ең ірі қоры бар он мемлекеттің қатарына кіреді. Еліміздегі көмір қоры 34 млрд тоннаға бағаланады, бұл әлемдік ресурстардың 4%-ын құрайды. 2025 жылдың жеті айында ел экономикасы 6,3%-ға өсті. Бұл ретте тау-кен өнеркәсібі 8,5%-дық жоғары өсу қарқынын көрсетті, көмір өндіру 10,6%-ға өсті. Бүгінгі таңда салада 145 мыңнан астам азамат қызмет етеді, оның 32 мыңы – көмір өнеркәсібінде.

«Мемлекет басшысы жариялаған биылғы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында шахтерлер мен кеншілер еңбегіне ерекше көңіл бөлінуде. Ғасырлар бойы бұл мамандық ең күрделі және маңызды мамандықтардың бірі болып отыр. Сіздердің табандылықтарыңыз бен төзімділіктеріңіз, еңбекқорлықтарыңыз бен адалдықтарыңыз құрмет пен мақтауға лайық. 

Еңбек адамын жан-жақты қолдау, өндірісте қауіпсіз жағдайларды қамтамасыз ету – мемлекеттің басты басымдығы. Ол мақсатта еліміздегі шахталар өндірістік қауіп-қатерлерді төмендетуге мүмкіндік беретін цифрлық жүйелермен жарақтандырылуда. Пилотсыз техника, қашықтан басқару және жерасты радиобайланысы енгізілуде. Бұл жұмыстар жалғаса бермек», — деп атап өтті Премьер-министр.