Ақтөбеде заңсыз казино ашқан ағайындылардың ісі сотта қаралып жатыр. Айыптау актісінде көрсетілгендей, бауырлар 2022-2024 жылдар аралығында онлайн казино ұйымдастырған. Оларға «ұйымдасқан қылмыстық топ құру», «заңсыз ойын бизнесін жүргізу» және «қылмыстық жолмен табылған қаражатты заңдастыру» айыптары тағылып отыр. Бүгін сотта куәгерлердің сөзі тыңдалды. Заңсыз онлайн казиноның екі жылдағы табысы 1 млрд 700 млн теңге. Іске қатысы бар деген күдікпен 7 қыз айыпталып жатыр. Оның бесеуі оператор-кассир, екеуі -әкімші. Кассирлердің клиенттермен тікелей байланысы болмаған. Қатынас мессенджерлер арқылы жүргізіліпті. Клиенттер ақшаны кассирлер көрсеткен шотқа аударғаннан кейін, оларға түрлі ойындары бар сайттарға сілтеме жіберіліп отырған. Қыздар айыппен келіспей отыр. Ай сайынғы жалақымыздан басқа пайда көрген жоқпыз, дейді. Бүгін олардың адвокаты соттан экономикалық сараптама тағайындауды сұрады.
ҒАБДІЛКӘРІМ ИПАТОВ, АДВОКАТ:
Қазіргі түскен бүкіл сомалармен біз келіспейміз.Себебі ол сомалар адамдардың жеке өздері қолданған сомалар. Несие алған сомалар,несиеге телефон алған сомалар бар. Ақшалай алған сомалар бар немесе тумалардан, жолдастарынан түсіп жатқан ақшалар. Бүкіл суммасын қылмыстық жолмен табылды,деп бүкіл қызға іліп жатыр.
АЙЫПТАЛУШЫ:
Біздің жазығымыз жоқ, потомучто бізге бәрі заңды түрде деп айтты, заңды болады деді. Ойлап тұрмыз-бәрін бізге іліп жібереді и басқалары все...біздің сөзімізді тыңдамай қалады, деп. Барлығы естісе екен дейміз.