Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Бүгін ұлттық валюта күні

AstanaTV
15.11.2017ж. 20:00
4721
Бүгін ұлттық валюта күні

Бүгін ұлттық валютаның енгізілгеніне 24 жыл толды. Өз тарихында 5 рет девальвацияға ұшырап, әлемді билеп-төстеп отырған АҚШ долларына қарағанда біршама әлсіреп тұрған теңгенің болашағы қандай болмақ?! Қарапайым халықтың төл ақшамызға деген сеніміне әсер ететін қандай себептер бар? Бүгін Алматыда дәстүрлі қаржыгерлер конгресі ұйымдастырылған болатын. Қаржылық-валюталық нарықтағы жылдың қортындысы іспеттес шараға қатысқан сарапшылардың пікірін тілшіміз де тыңдап қайтты.

Ришат Асқарбекұлы, тілші:

Алдағы күндері теңгенің жағдайы қалай болады? Жетінші конгрестің қатысушылары осы сұраққа жауап іздеді. Ұлттық валюта соңғы үш жылда теңіз дауылына тап болған кемедей теңселіп тұр, дейді сарапшылар. Дәл қазір әлемдік мұнай бағасы мен өзге де факторларға тәуелді ұлттық ақшамыздың тұрақты дамуы туралы мамандар пікірі қандай.

Айдархан Кұсайынов, экономист:

Еркін айналымға жіберілген соң теңгенің тұрақтылыққа жетелегеніне көз жетті. Ол ылғи қозғалыста болады. Бірде нығаяды, бірде әлсірейді. Бұл қалыпты әрі төзуге болатын нәрсе. Девальвациялық тәуекелге, қандай да бір спекуляциялық қадамдарға жол бермейтінін байқадық. Сол себепті, мұны дұрыс бағыт деп қабылдасақ, қателеспейміз.

Теңге 24 жылдық тарихында 5 рет құнсыздануды бастан кешірді. 1993 жылы бір АҚШ доллары 5 теңге тұрған еді. Екі мыңыншы жылдардың басында ол 88 теңге, 2009 жылы 150 теңгеге тұрақтады. Ал, 2014-тің ақпан айында 180 теңге болды. Осы жолғы девальвация халықтың теңгеге деген сеніміне селкеу түсірді. Содан бері төл ақшамызды ұстап тұруға ұлттық қордан 28 млрд АҚШ доллары жұмсалған. Көп ұзамай теңге еркін айналымға жіберілді.

Ұлттық банк басшылығы қаржы нарығындағы ең сезімтал мәселе - теңгенің айырбас құны екенін айтады. Қаржылық интервенцияларға қарамастан, АҚШ ақшасының қалай құбылатынын болжау өте қиын. Ұлттық валютаға деген сенімді мүлде жоғалтпас үшін, барлық тәуекелдер ескеріледі. Қаржы-валюталық саясаттың басты тетігі - теңгені тұрақтандыру,-  дейді 

Олег Смоляков, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары:

Соңғы уақыттары биржада курстың әрқилылығы байқалады. Доллардың нығаюы мен теңгенің өз құнын ұстап тұруы алма кезек орын алуда. Егер мұнай бағасының динамикасына түрлі саяси оқиғалар әсер етсе, ол көтеріліп кетеді. Сол кезде ұлттық валютаның курстық айырмашылығында өзгерістер болады. Бұл қалыпты үрдіс. Бәріне дайын болған жөн.

Банк саласының тағы бір білгірі Ләззат Ибрагимова теңгеге деген сенімді долларсыздандыру науқанымен байланыстырады. Жылжымайтын мүлік саласында көк қағаз ұмытылды. Бекітілген тәртіпке сай соңғы 1,5 жылда алып-сату операциялары теңгемен жүреді. Оның ауыртпашылығы едәуір аз. «Тұрғынүйқұрылысжинақ» банкіндегі қаржылық операциялар да тек теңгеге тәуелді. 

Ләззат Ибрагимова, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы:

Біз биыл 200 млн теңге көлемінде тұрғын үй үшін салымдар жинадық. Ең бастысы тұтынушылар өз жинақтарын теңгемен салады. Басқа коммерциялық банктерден ерекшелігіміз осында.

Қыркүйектегі көрсеткіштер бойынша коммерциялық банктерде депозитті доллармен сақтау үлесі кеміген. Салымшылардың 51 пайызы теңгеге, 49 пайызы өзге валюталарға сенім білдіріпті. Теңге 15-20 жылдан соң виртуалды ақшаға, яғни криптотеңгеге айнала ма? Мұндай болжамға қатысты сарапшылар нақты бір нәрсе айтуға асықпайды.

Ал, айырбас тіректеріндегі таблоға назар аудармай өтетін адам кемде кем. Долларға шаққандағы теңгенің курсы бүгін де өзгерді. Ұлттық валюта өз туған күнінде сәл болса да нығайған. Биржаның таңғы сессиясында АҚШ ақшасы 46 тиынға арзандап, сатып алу құны 332 теңге, ал сату 333 теңге 13 тиын болып бекітілген. 

Ришат АСҚАРБЕКҰЛЫ