Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

Алматыда БЖЗҚ жымқырылған 5 млрд теңгенің басты сот отырысы басталды

AstanaTV
15.11.2017ж. 20:00
2601
Алматыда БЖЗҚ жымқырылған 5 млрд теңгенің басты сот отырысы басталды

Алматыда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан жымқырылған 5 млрд теңгеге қатысты негізгі сот отырысы басталды. Бұл істе қордың экс-басшысы Руслан Ерденаев пен оның бірнеше сыбайласы айыпталып жатқанын бұған дейін хабарлаған едік. Бүгінгі процесте прокурор айыптау актісін оқыды. Онда, қаржының жымқырылу жолдарынан бөлек, алынған параның көлемі де айтылды. Сот залынан Олжас Нұржақып хабарлайды. 

Олжас Нұржақып, тілші:

Мемлекеттік айыптаушы 5 млрд-тың былығы өткен жылы маусымда басталған дейді. Қостанай облысында геологиялық зерттеу жүргізетін «Бузгул Аурум» серіктестігі қаржылай қиындық көріп, инвестор іздейді. Осы тұста компания басшысы Кенжебаев ескі досы Тұртаевтан көмек сұраған. Іске Медетбеков араласып, қорда қаржы жоқ деп, жауап қайтарады. Қырғыз еліне барғаның жөн деп кеңес берген. Бірақ Кенжебаев үшін бұл сапар да сәтсіз аяқталады.

Тамызда серіктестік басшысы бағалы қағаздарын сатып алуды қайта ұсынады. Бұл жолы, Дабыр Медетбеков қордың 5 млрд теңгесін жымқырып, жоспарды жүзеге асыруды көздейді. Түскен қаржыдан өзі мен Ерденаевқа 10 пайыз көлемінде пара сұрайды. Кенжебаев бұл тым көп екенін айтып, ақыры пара мөлшері 700 мың доллар болсын дегенге тоқталған. 400 мыңы Ерденаевқа, 300 мың доллар Медетбековке. 

Нұрлан Жалубаев, мемлекеттік айыптаушы:

Руслан Ерденаев қызметін пайдалана отырып, Медетбеков,  Кенжебаев, Найзағаринмен бірлесе Бахтовтың көмегімен мемлекет сеніп тапсырған ірі көлемдегі қаржыны жымқыру әрекетіне барған. Қылмыстық кодекстің 189 бабы 4 тармағына сай заңды өрескел бұза отырып, «Бузгул Аурум» басшысынан 700 мың АҚШ доллары көлемінде пара алған.

Ерденаевтың адвокаты болса, прокурор оқыған айыптау актісіндегі кей деректермен келіспейді. "Қорғауымдағы Ерденаев 700 мың АҚШ доллары көлемінде пара алды деп айыпталған, енді бүгін 400 мыңға өзгерді", - деп отыр.

Александр Блок, Ерденаевтың қорғаушысы:

Прокурордың айыптау құжатындағы сандар сәйкес келмейді. Алғаш айыпталғанда басқа сома жазылған еді, енді, қорытынды жазбадағы көлем басқа. Бұл, әрине, заңсыз деп ойлаймын. Алдымен айыптау актісін кері қайтарып өзгеріс енгізуі тиіс еді. Бірақ, ондай әрекет болмады.

Олжас Нұржақып, тілші:

Айыптау актісі оқылған соң, сот айыпталушылардың пікірін тыңдауға көшті. Бірақ Ерденаев, Медетбеков пен Кенжебаевтар мұны кейінге қалдырды. Ал Мұса Бахтов айыптаумен келіспейтінін айтты. Найзағарин кінәсін тек жартылай мойындайтынын жеткізді. Келесі сот отырысы қарашаның 22-сіне белгіленді. Онда куәгерлер мен жәбірленушілерге кезек берілмек. 

Олжас НҰРЖАҚЫП