Бұл туралы қала әкімі Жеңіс Қасымбек желідегі парақшасында арнайы жазба жариялап, Білім күнімен құттықтады, деп жазады Astana TV.
«Сіздерді шын жүрегіммен Білім күнімен құттықтаймын! 31 мыңнан астам оқушы бірінші сыныпқа барып, алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Олар үшін білімге, жаңа танымдарға және жаңа белестерге бастайтын үлкен жол ашылып отыр.
Мектеп – тек сабақ пен кітап емес, ол – алғашқы достықтың, алғашқы жетістіктің және алға жетелейтін арманның бастауы. Баға үшін емес, шынайы білім үшін оқыңыздар. Табандылық пен еңбектің арқасында ғана үлкен жетістіктерге қол жеткізе аласыздар», - дейді әкім.
Ол сөзін жалғай отырып, Астанада сапалы білім беру үшін барлық жағдай жасалып жатқанын, заманауи технологиялар енгізіліп, жаңа мектептер салынып жатқанын қозғап өтті.
«Білім күні Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қосымша 28 мың оқушыға арналған (екі ауысымды) жеті жаңа мектеп ашылды. Жалпы оқу жылы барысында 15 жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр.
Өткен оқу жылында рекордты деңгейде 66 мың оқушыға арналған (екі ауысымды) 24 мектеп ашылды. Оның ішінде 16-сы – «жайлы мектеп», - дейді Жеңіс Қасымбек.
Сөз соңында ұстаздар қауымына, ұстаздарға, ата-аналарға жылы лебізін білдірді.
«Құрметті ұстаздар! Сіздердің еңбектеріңізге, шыдамдылықтарыңызға және балаларға деген мейірімдеріңізге зор ризашылығымды білдіремін. Қадірлі ата-аналар, жаңа оқу жылы балаларыңыздың білімге деген қызығушылығын арттырып, жаңа биіктерге жетелесін.
Оқушыларымызға оқу жылы сәтті, жетістіктерге толы болуын тілеймін! Жаңа оқу жылында ынталарыңыз артып, білім көкжиектеріңіз кеңейіп, биік белестерді бағындырыңыздар. Білім күні мерекесі құтты болсын!» - дейді Астана әкімі.