Қазақстан мен Қытай арасында 15 млрд доллардан асатын 70-ке жуық келісім жасалды. Экономиканың нақты секторларын қамтыған бұл құжаттар ынтымақтастықтың жаңа кезеңінің бастауы болмақ. Енді алыс-беріс, барыс-келіс артады. Бұл екі ел арасындағы байланысты одан әрі нығайтып, стратегиялық серіктестіккке дем береді.
Қытай – Қазақстанның тағдыр қосқан тату көршісі, жақын досы және мәңгілік стратегиялық серіктесі. Қазақ-қытай іскерлік кеңесінің 8-ші отырысында Мемлекет басшысы осылай деп, екі ел арасындағы терең байланыс пен өзара түсіністік - халықтарымызды біріктіретін мызғымас құндылықтар екенін тағы бір мәрте айғақтады. Былтыр арадағы алыс-беріс айналымы 44 млрд долларға жетті. Бұл- қос тараптың тарихында бұрын-соңды болмаған ең жоғарғы көрсеткіш. Бірақ мұнымен тұралап қалуға болмайтыны анық. Екі ел алдағы бес жылда сауда көлемін жаңа деңгейге шығаруды көздеп отыр.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Қытай – жаһандық көшбасшы мемлекет, Қазақстанның түрлі бағыттағы, соның ішінде сауда саласындағы басты серіктесі. Сондықтан қытайлық достарымызбен осы қарқынды одан әрі арттырып, алдағы бес жылда өзара сауда көлемін едәуір ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Бұған әлеуетіміз жетеді. Мемлекет басшылары деңгейінде өзара саяси ерік-жігер мен ортақ ұмтылыс бар.
Қытай мен Еуропа арасындағы құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы Қазақстан арқылы өтеді. Енді бұл көрсеткіш 5 есе артпақ. Оған биыл екінші желісі іске қосылатын «Достық – Мойынты» темір жолы арқау болады.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Бірлескен күш-жігеріміздің арқасында ірі инфрақұрылым жобалары іске қосылды. Соның ішінде Ляньюньган портындағы қазақ-қытай логистика терминалы және Сианьдағы құрғақ порт бар. Сондықтан қытай компанияларының көлік-транзит саласындағы жобаларға қатысуына мол мүмкіндік бар деп күмәнсіз айтуға болады.
Энергетика – басымдық берілген бағыттардың бірі. Атом энергетикасы саласында да көршімізден үйренеріміз көп. Осы мақсатта тараптар стратегиялық серіктес болуға уағдаласты. Президент атом энергетикасы саласына қытай технологиясын тартуға және осы бағытта білікті мамандар даярлауға мүдделі екенімізді жеткізді. Бұл бағыттағы жұмысқа CNNC компаниясы тартылуы мүмкін.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Дәстүрлі қуат көздерін дамыту – еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі жолы. Энергетика саласындағы бірлескен жобалардың барлығы біздің өзара тиімді ынтымақтастығымызды одан әрі нығайта түседі деп санаймын.
Бүгінде Қазақстан егістік көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Бидай экспортынан ең ірі 10 елдің қатарына кіреді. Жыл сайын 10 млн тонна бидай мен 2 млн тонна ұн шекара асады. Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай нарығына жыл сайын 2 млн тонна астық экспорттауға мүмкіндік барын айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Dalian Group компаниясының Ақмола облысында бидайды терең өңдейтін кәсіпорын құру бастамасын толық қолдаймыз. Fufeng Group компаниясының Жамбыл облысындағы жүгері өңдеу жобасын құптаймыз. Зауыт өнімдері Қытай мен Еуропаға экспортқа жіберілетін болады. Біз қытайлық кәсіпкерлерді органикалық және жоғары сапалы мал шаруашылығы өнімдерін шығару жұмысына белсене қатысуға шақырамыз.
2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 трлн долларға жетіп, оның әлемдік технология индустриясындағы үлесі 30 пайызға дейін артады деген болжам бар. Яғни, саланың болашағы жарқын.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:
Біз Қытайдың Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі жаһандық ұйым құру бастамасын қолдаймыз. Қазақстанда цифрлық экономиканы дамыту бойынша жүйелі шаралар қолға алынуда. Жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолданысқа енгізу үшін ауқымды жұмыс істеліп жатыр.
Мемлекет басшысы елімізде ауқымды инвестиция тартуға барынша қолайлы жағдай жасалғанын, ірі жобаларды жүзеге асыруға толық мүмкіндік бар екенін тілге тиек етті. Қытай бизнесінің өкілдері Қазақстаннан сенімді серіктес таба алатынын жеткізді. Шара қорытындысы бойынша жалпы құны 15 млрд доллардан асатын 70-тен астам құжатқа қол қойылды. Келісім негізінен энергетика, цифрландыру, құрылыс, металлургия, телекоммуникация, көлік және логистика сияқты секторларда жасалды. Жиыннан соң Қасым-Жомарт Тоқаев бейнебайланыс арқылы Жамбыл облысында жел генераторларына арналған қосалқы бөлшектер шығаратын зауыттың ашылу салтанатына қатысты. Артынша Қытайдың ірі компанияларының басшыларымен екіжақты кездесулер өткізді.