$540.05 €629.16 ₽6.65
×

Қытай 20 жылда Қазақстанға тікелей 27 млрд доллар инвестиция салған

Қытай 20 жылда Қазақстанға тікелей 27 млрд доллар инвестиция салған

Қытай 20 жылда Қазақстанға  тікелей 27 млрд доллар инвестиция салған. Екі елдің бірлескен 6000 кәсіпорны қазір табысты жұмыс істеп тұр.  Алдағы жоспар бұдан да ауқымды. 

Соңғы жылдары заманауи технологияларға ден қойылды. Экологиялық таза өндіріске миллиардтаған инвестиция салынып, қуат өндірудің озық үлгілері орын тапты. Бастысы, Қазақстан Қытайға экспортта өндіруші ғана емес, өңдеуші рөл атқаруға дайын екенін  көрсетті. Аспан асты елінің инвестициялық саясатын, жалпы бағытын бірнеше кезеңге бөліп қарастырған жөн.

АЙБАР ОЛЖАЙ, ЭКОНОМИСТ:

Инвестицияны 3 фазаға бөліп қарастыруға болады. Алғашқысы шикізат болды. Содан соң логистикамен жалғасты, үшіншісі, энергетикаға трансформация жасалына бастады. Төртіншісі, менің ойымша, ауыл шаруашылық және басқа технологиялық бағыттар. Жылыжай, суару технологиялары келетін сияқты. Өйткені, оның барлығы Қытайда бар. Сондықтан, инвестицияның бар болғаны әрдайым экономикаға жақсы.

Екі ел қарым-қатынастары тек экономикаға байланып қалмаған. Өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етуде де, Қазақстан мен Қытай иық тіресе жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Халықаралық қатынас саласының маманы – Айболат Дәлелханның айтуынша, халықаралық қауіпсіздік мәселесінде біздің ұтарымыз көп.

АЙБОЛАТ ДӘЛЕЛХАН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАТЫНАС БОЙЫНША САРАПШЫ:

Қоян-қолтық, ұзақ мерзімдегі достық қарым-қатынасты, стратегиялық қарым-қатынасты ұстап тұрсақ, бұл – біздің мемлекеттілігіміздің баянды болуының бірден-бір кепілі. Саяси тұрғыда ұтарымыз осы. Осыны есепке ала отыра, болашақтағы қарым-қатынастардың баянды дамитыны, қытайлар айтпақшы «Win-Win» принципі бойынша дамитынына сенім басымырақ.

Мамандардың пікірінше, екі ел қарым-қатынасы өзара тиімді болғандықтан, ары қарай дамымауы мүмкін емес. Ал елімізге оның пайдасы ұшан-теңіз.

ЕРКЕЛДІ ТІЛЕУҚҰЛ, ТІЛШІ:

Қазақстан мен Қытай қарым-қатынастары біржақты көршіміздің мүддесіне ғана қажет деу - қателік. Болашақта еліміздің Қытай нарығындағы үлесі тек арта береді, - дейді мамандар. Қазақстан тек шикізатты өндіріп қана емес, өңдеп те аспан асты еліне жөнелтеді. Бірқатар жобалар бастау алып та үлгерді.