$540.18 €628.93 ₽6.68
×

Демалыстан оралған депутаттардың кезекті сессияға жоспары қандай?

02.09.2025ж. 19:00
Демалыстан оралған депутаттардың кезекті сессияға жоспары қандай?

Депутаттар демалыстан оралды. Бүгін сегізінші сайланған Парламенттің төртінші сессиясы ресми түрде ашылды. Бірлескен отырысқа Сенаттың 50, Мәжілістің 97 депутаты қатысты. Халық қалаулылары екі ай бойы ауыл-аймақты аралап, ел-жұрттың мәселесін тыңдады. Жеке өмірлерін де шетке ысырмаған. Демалып та үлгерді, шетел аралағаны да бар. Салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы әдеттерді қолға алды. Миы сергіп, көңілі жайланған ақ жағалылардың ендігі жоспары қандай? Жұмысты неден бастамақ? Толығырақ әріптесім Аружан Задабек айтады.

АРУЖАН ЗАДАБЕК, ТІЛШІ:

Депутаттар үшін қызу жұмыс басталды. Каникулдан оралған олар тұрғындардың бума-бума назын жинай келген. Халық қалаулылары үшінші сессияда 39 жалпы отырыс өтіп, 249 мәселе қаралды және 89 заң қабылданды. Биыл да жұмыс қызу дейді. Өткен жылы қол жеткізе алмаған шешімдердің биыл іске асарына сенімді.

Үкімет үйі. Дәлізде таңертеңнен қызу қозғалыс. Депутаттар мен министрлік өкілдері ұйқыларын шала аша сала, жаңа маусымның шымылдығын түруге келген. Жазғы демалыстан кейін мектепке оралған баладай көздері жайнап, жарқырап келеді. Бір-бірін көргеніне қуанып, арқа-жарқа. Жаз бойы тынығып, "күнделікке" ешкім баға қоймаған еді. Бүгін – саяси маусымның алғашқы "қоңырауы".  Парламент партасына отырды. Енді жұмыс дәптері ашық, жауапкершілік – жоғары.

АСХАТ АЙМАҒАМБЕТОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Әлі де көп мәселе бар шешімді талап ететін. Медицина саласы бойынша да, білім, ғылым саласы, жалпы әлеуметтік сала бойынша біздің комитеттің басты назардағы сұрақтары осы ғой. Сондықтан осы мәселелермен әлі де айналысамыз.

Биылғы "оқу жылының" күн тәртібі қатаң. Күзде бюджетті қарау, жаңа заң жобаларын мақұлдау – депутаттар үшін нағыз "емтихан уақыты". Өткен жылы өздеріне аса көңілі толмағандап биыл осы олқылықты толтыра алады. Сессия аяқталғанда «Парламент жұмысына 5 деген баға қоя алмаймын деген»  депутаттар жеңдерін түріп, жұмысқа кірісе кетуге дайын.

ЕРКІН ӘБІЛ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Ертеңнен бастап үлкен мәселемен айналысамыз. Бұл – жергілікті бюджетті субсидиялау.

Өткен сессияда өткір тілімен есте қалғанның бірі – Еділ Жаңбыршин. Оның мына сөзі бәріміздің есімізде.

Депутат бұл маусымда да белсенді боламын дейді. Жоспар ауқымды. Бюджет, әлеуметтік саясат, өңірлік даму, цифрландыру, ауыл мәселесі, бала қауіпсіздігі – бәрі күн тәртібінде.

ЕДІЛ ЖАҢБЫРШИН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Баланың тәрбиесімен көбіне ата-анасы айналысу керек. Отбасы білуі керек баланың қайда, қандай мәселемен, нені қарап жүр. Сондықтан отбасы институтында осы бала тәрбиесіне көңіл бөлген дұрыс.

Қысқасы, «жұмысты қатырамыз», – дейді депутаттар. Төртінші сессияда бастама көп. Өзара ақылдасып, ұсыныстарды тиянақтауға кіріскен. Енді бірі өткен маусымдағы жетістігіне марқайып, жұмысқа деген шабыты екі есе ашылған.

АЙДОС САРЫМ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Қазір блогерлер саңды түрде экономикалық классификаторға енді. Екіншіден, олармен салық комитеті жұмыс істеп, салығын алу мәселесі бойынша әрқайсысымен жұмыстанып жатыр.

Депутаттар өткен сессияда 461 сауал жолдады. Биыл бұдан көп болмаса, аз болмайтын секілді. Ауыл-аймақты аралап келгендер халықтың басты уәжі қымбатшылық дейді. Күнделікті тұтынатын өнімнен бастап, етке дейін құны өскен.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:

Биыл картоптың бағасы 2,5 есеге өсіп кетті. Жуырда еттің бағасы 30 пайызға өсті деген сияқты мәселелер бар. Солардың барлығын пысықтайтын боламыз.

Бәрі қымбат. Бірақ айлық аз. Мәселенің шешімі бар ма деген сауалды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министріне қойдық. Өткен сессияда депутаттар тарапынан көп сөз естіген басшы әзірге нақты формуланы айта алмады.Ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру мәселесін тағы жауапсыз қалдырды. Соған қарағанда Светлана Жақыпова биыл да Парламенттен біраз сын еститін секіліді. 

СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:

Ең төменгі жалақы 85 мың болса, тек қана квалификациясы жоқ, білімі жоқ азаматтар сондай төлемге қол жеткізе алады.

Парламент жаңа сессияны «формада» бастады. Демалыс кезінде депутаттар спортпен айналысып, дене шынықтыруға ден қойған. Бұл - «жұмысты сергек бастаймыз» деген ниет болса керек. Халық қалаулыларына салауатты өмір салтын ұстану артық болмас. Өйткені құжаттар қалың, тақырыптар күрделі.

ҮНЗИЛА ШАПАҚ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Біз таңертең депутаттар бірге жүреміз. Таңғы 6-да шығамыз. Қыста кішкене кешірек. Мүмкіндік болғанда денсаулықтың жақсы болғанын қалаймыз ғой.

Сонымен, бәрі дайын. Блокнотын алды, қаламы қасында. Пәленбай бет заң жобасы да бар. Қалғаны – "батыл шешім" мен "батырманы басу".