$539.55 €627.55 ₽6.7
×

Қарағанды облысының Қушоқы кентінде 7 отбасы далада қалды

02.09.2025ж. 19:00
Қарағанды облысының Қушоқы кентінде 7 отбасы далада қалды

Қарағанды облысының Қушоқы кентінде үй өртеніп, 7 отбасы баспанасыз қалды. Пәтерлер күндіз тұрғындардың көз алдында жанып кеткен. Жергілікті әкімдік арнайы штаб құрып, көмек жинап жатыр. Ал зардап шеккендер өртке электр сымдарының ескілігі әкеліп соқты деп отыр. Елдімекенде бұл проблема жылдар бойы шешілмей келеді.

Құтқарушылар келгенше желмен көтерілген жалын барлық пәтерді шарпып үлгерген. Құрманқан Сәмидолла үйіне кіріп те үлгермепті.

ҚҰРМАНҚАН СӘМИДОЛЛА, ҚУШОҚЫ КЕНТІНІҢ ТҰРҒЫНЫ:

Келсем төбесі бәрі түсіп жанып кетіпті. 10 жыл жинаған еңбегім, бала- шағамның көрпе- жастығы барлығы өртеніп кетті, түк те қалған жоқ.

АЙЖАН ҚУАШ, ТІЛІШ:

Үйдің шатыры мен қабырғалары ағаш болғандықтан 7 баспана  әп- сәтте жанып кеткен. Тұрғындардың айтуынша оған токтың қысқа тұйықталуы себеп болуы мүмкін. Өйткені Қушоқы кентінде сымдар ескі, жарық жиі сөнеді.

Зардап шеккендер  өрт сөндірушілер  де осалдық танытты дейді. Алайда құтқарушылар дер кезінде көмек көрсеткендерін мәлімдеді.

ДУМАН ДӘЛЕШОВ, ОБЛЫСТЫҚ ТЖД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қарағанды қаласынан және Ғабиден Мұстафин кентінен 7 бірлік техника және 20 адам жұмылдырылды.Алдын ала болжам бойынша өрттің себебі электр құрылғыларымен байланысты өрттің себебі.

Қазіргі таңда кентте өрттен зардап шеккендерге көмек штабы құрылып, арнайы шот ашылды.

БЕРІК КӨПБАЕВ, БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Қалдырмаймыз далада. Сол үшін мына жерде штаб ашылып қазір құзырлы органдардың бәрі осында. Әрбір отбасыға лауазымды тұлға бекітіп, тікелей жұмыс істеу үшін күнделікті басы қасында болу үшін жұмыс атқарып жатырмыз.

Бұл табиғи апат емес болғандықтан жергілікті әкімдік баспана алуға қаржы бөле алмайды. Сондықтан  үміт  тек демеушілерде.  Қушоқы кентіне көмек жолдаймын дегендер тікелей әкімдікке хабарласа алады.