Батыс Қазақстан облысындағы Байқоныс ауылының оқушылары жаңа мектептің табалдырығынан аттады. Білім ордасы «Келешек мектептері» жобасы аясында салынған. Өңірде осы бастама бойынша бой көтеріп жатқан 9 мектептің бәрі биыл пайдалануға берілмек.
Ауылдықтар үшін бүгінгі күн тарихи сәтке бергісіз. Өйткені 18 жыл бұрын салынған мектепте оқушылар үш ауысыммен оқыған еді. Енді жаңа білім ошағы ашылғасын, бұл қиындық та артта қалды.
ҚУАНЫШ ТАУБАЙ, БАЙҚОНЫС АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Осы ауылда 25 жылдан бері тұрамын. Ең алғаш 2001-жылы орта мектеп ашылғанда сол мектептің мектеп директоры болып орналасқанмын. Ардагер ұстазбын. Осы шәкірттердің жақсы білім алуына, мемлекеттің жасап жатқан қамқорлығына шын жүректен шексіз алғысымызды айтамыз. Қуанышымызда шек жоқ.
600 орындық жаңа мектеп заман талабына сай жабдықталған. Мұнда робот техникасы, визуалды дизайн, хореография кластары қала берді ерекше балаларға арналған сенсорлық және инклюзивті кабинеттер де бар. Бәрі интерактивті тақтамен жабдықталған. Әр оқушының білім алуына мемлекет барлық жағдайды жасайды, деген президент тапсырмасы өңірде осылай орындалып жатыр.
НАРИМАН ТӨРЕҒАЛИЕВ, БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ:
Қала мен ауыл балаларының арасында айырмашылық болмауы керек. Әсіресе білім алуын шектемей, барлық жағдай жасалуы керек деген болатынмын. Осы мектептерде сондай жағдайлар жасалып жатыр. 2023-2024 жылдар аралығында БҚО-да 25 мектеп салынды. Биылғы жылы 15 мектеп салып жатырмыз.
Облыста "Келешек мектептері" жобасы аясында салынып жатқан 9 мектептің былтыр үшеуі тапсырылған еді. Ал қалғаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Бұл аймақтағы үш ауысымды және апатты мектептерді азайтуға әсер етпек.