Ұлытау облысы Сәтбаев қаласында кеншілер күніне арналған мерекелік кеш өтті. Бұл -өңір тұрғындары үшін жыл сайын асыға күтетін айтулы мейрам. Ал осы жолы сахнада тек танымал өнер иелері емес, еңбек адамдарының талантты ұл-қыздары да өнер көрсетті.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай ұйымдастырылған «Жас Дарын – 2025» жобасы аясында талантты балалар үлкен сахнада елге танымал эстрада жұлдыздарымен бірге өнер көрсетті. Солардың бірі — Санжар Бейбіт.
САНЖАР БЕЙБІТ, «ЖАС ДАРЫН - 2025» ҚАТЫСУШЫСЫ:
Дастан Оразбеков ағамызбен ән айтқан өте жақсы екен. Бұл мен үшін үлкен мәртебе, үлкен қуаныш. Мен өскен кезде осы ағамыздай ән жұлдыз болғым келеді. Осындай Дастан ағаммен ән айтуға мүмкіндік бергені үшін ұйымдастырушыларға және Қазақмысқа алғыс айтамын.
Мерекелік кешке Жезқазған, Қарағанды, Балқаш, Сәтбаев және Шу қалаларынан келген Қазақмыс қызметкерлерінің талантты ұл-қыздары қатысты. Жобаның басты мақсаты – еңбек адамдарының отбасындағы өнерлі өрендерді қолдау және шығармашылық әлеуетін арттыру.
МАНСҰР МАДИМХАН, «ЖАС ДАРЫН - 2025» ҚАТЫСУШЫСЫ:
Көңіл күйім өте керемет. Бүгін мен Садраддинмен өнер көрсеттім. Садраддиннің Ана деген әнін айттық. Өте қуаныштымын. Садраддинмен бір сахнада ән айту менің арманым болатын.
Кеш тек шығармашылық алаң емес, бала болашағына алғашқы қадам болды. Мұнда әнші жастардан бөлек, мың бұралған бишілер де табылды.
АЛУА ЖҰМАДІЛДА, «ЖАС ДАРЫН - 2025» ҚАТЫСУШЫСЫ:
Менің ата-анам Қазақмыста жұмыс істейді. Бүгінгі концерт өте ұнап жатыр. Әсіресе жастарға деп ойлаймын. Себебі алыстан жақсы көретін әншілері келіп, үлкен эмоция сыйлап жатыр.
Кеншілер күніне арналған концертте жергілікті өнерпаздар да өнер көрсетті. Кеш соңында тұрғындары отшашуға куә болды.