Ақсудағы ферроқорытпа өндіретін ең ірі кәсіпорындардың бірінде үш жұмысшы күйіп қалды.Олардың бірі ауыр жағдайда жатыр.
Компанияның мәліметінше, зардап шеккендер дереу Ақсу орталық ауруханасына жеткізілген. Бірі жансақтау бөлімінде жатыр. Екіншісі стационарлық ем қабылдап жатыр. Үшіншісі амбулаторлық емдеуде.
Кәсіпорын өкілдері оқиға бойынша мемлекеттік органдарға хабар берілгенін және арнайы тергеу басталғанын мәлімдеді.
«Біз қызметкерлерімізге барлық қажетті көмекті көрсетіп жатырмыз және болған жағдайдың мән-жайын анықтауда тергеу органдарына толық қолдау көрсетеміз», – деді компания басшылығы.