Алматыда жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың қызметкері табандылық танытып, өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамның өмірін сақтап қалды.
Оқиға Достық даңғылы мен Абай көшесінің қиылысында орын алған. Кәмелетке толмаған екі бала қызметтік міндеттерін орындап тұрған полиция қызметкерлеріне келіп, ойын-сауық мекемесінің жанында ер адамның өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын хабарлаған. Полиция қызметкерлері хабарламаға жедел әрекет етіп, көрсетілген жерге дереу жетті. Осы сәтте мас күйінде болған ер адам өрт қойып үлгерген. Полиция аға лейтенанты Бекмырза Мұхаметов өртті тез арада ауыздықтап, қайғылы оқиғаның алдын алды. Зардап шеккен адам келген медициналық бригадаға, оның ішінде психолог-дәрігерлерге тапсырылды.
— Мұндай мысалдар полиция қызметкерінің жұмысы тек тәртіпті сақтау ғана емес, сонымен қатар адам өмірін құтқару екенін көрсетеді. Әр қызметкер батылдық пен адамгершілік танытып, шұғыл шешім қабылдауға әрдайым дайын болуы маңызды. Осындай әрекеттер қоғамға үлгі болып, полиция көмек қажет болған кезде әрқашан дайын екенін дәлелдейді, - деді, Алматы қалалық ПД жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың командирі Азамат Исергужин.