Алматыда мыңдаған адам су астында қалуы мүмкін. Шаһардың жоғарғы бөлігінде табиғи сайлар заңсыз көмілген. Салдарынан мұздықтар мен еріген қар суы өңірге үлкен қауіп төндіріп тұр. Бұған ең алдымен мемлекеттік органдардың бейберекетсіздігі сеп болып отыр. Жаз бойы Алматыны аралап, жағасын ұстап қайтқан Бақытжан Базарбек Премьер-Министрге сауал жолдады. Төртінші сессияның алғашқы жалпы отырысында Мәжіліс депутаттары тағы қандай мәселе көтерді? Әріптесіміз Мөлдір Жақан жалғастырады.
Құзырлылар тез арада қимылдамаса, Алматының жағдайы қиын болмақ. Қаланың Медеу, Наурызбай, Бостандық аудандарында тау жоталарын заңсыз кесу фактілері анықталды. Іле Алатау бөктеріндегі жаппай құрылыс та бұқараны алаңдатып отыр. Мәжілісмен Бақытжан Базарбек бұл мәселені көтеріп, шырылдап жүргеніне біраз болғанын айтады. Алайда еш өзгеріс жоқ. «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайдының» күйін кешіп отыр.
БАҚЫТЖАН БАЗАРБЕК, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Бастапқы кезеңде құрылыс заңсыз болғандықтан, кейін нысанды бұзу да әлдеқайда қиын болады. Сот шешімі бойынша 3 жыл бұрын бұзылуы тиіс «Монблан» және «Швейцария» сияқты тұрғын үй кешендері әлі тұр. Мен Парламентте оларды бұзу мәселесін үш рет көтердім. Тағы қанша рет айтуым керек?!
«Аспаннан киіз жауса да, кедейге ұлтарақ бұйырмайды». Депутаттық сауалын осылай мақалдап, мақамдап бастаған Нартай Сәрсенғалиев әлеуметтік қызметкерлердің базынасын жеткізді. Сөзінше, ерекше баланы қатарға қосу үшін жанын салатын қызметкерлерге ерекше жағдай жасау қажет.
НАРТАЙ СӘРСЕНҒАЛИЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:
Денсаулық сақтау және әлеуметтік салада қызмет ететін педагогтарды білім беру жүйесіндегі педагогтармен теңестіру керек.
Соңғы уақыттары еңбектеген бала мен еңкейген қарияға дейін күллі елдің қызығушылығын оятып, көптің аузында жүрген футболдың жыры да депутаттардың назарынан тыс қалмады. Атынан ат үркитін «Реал» командасы Алматыға келеді деп бөркімізді аспанға аттық. Сөйтсе бұл салада да былық көп. Абзал Құспан қазақстандық футболда әділетсіз, келісілген ойындардың кең таралғанын атап өтті. Әлемдік тәжірибені мысалға келтіріп, шетелде келісілген матчтар үшін бас бостандығынан айыратынын еске салды.
АБЗАЛ ҚҰСПАН, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:
Бұл тек мемлекет пен жанкүйерлерді алдау ғана емес, осы матчтарға бәс тігетін мыңдаған азаматтарға қарсы жасалатын қаржылық алаяқтықтың бір түрі болып табылады.
Айлығын шайлығына жеткізе алмай жанталасқан қарашаның мұң-мұқтажы да сөз болды. Бағаның бетімен кеткені жасырын емес. Үкімет инфляция деңгейі 8-9% шамасында қалады деп сендіргенімен, шынайы статистика мүлдем басқа. Жанын бағу үшін бірнеше жұмыстың басын алып жүрген қала жұртшылығы күте тұрар. Депутаттар ең әуелі ауылдағы ағайынның табысын көтеруге атсалысуда.
ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ, «AMANAT» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
Ауылдағы табыстың деңгейі қаладағы табыспен салыстырғанда 2-3 есе төмен. Қазақстанда 1,8 млн азамат 85 мың жалақы алатын болса, соның 2/3, 1 млн 200 мыңы ауылда тұратын азаматтар. Сол себепті солардың жалақы мәселесін көтеруді пысықтауымыз керек.
Қысқасы, мәселе көп. Екі ай үзілістен кейін депутаттық сауалдарды жаудырған халық қалаулылары әрқайсысын терең зерделеп, түйінін тарқатуға білек сыбана кірісеміз деп бекініп отыр.