Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен 7 жаңа фельдшерлік-акушерлік пункт ашылды. Енді Ақтоғай, Шет, Абай және Бұқар жырау аудандарындағы бірнеше ауыл тұрғындары алысқа бармай-ақ медициналық көмекті өз ауылдарында ала алады. Тоғызқұдық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны тұрғындар мен дәрігерлер көп күткен еді. Өйткені науқастарды мамандар ауданнан келіп қабылдайтын. Ауылдықтар да қалаға не ауданға баратын. Енді алысқа барудың қажеті жоқ. Жаңа амбулаторияға жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер, екі медбике келді. Мекеме физиотерапия, емдік дене шынықтыру кабинеттері, күндізгі стационар, жөтел кабинеті, бейне-кольпоскоптармен жабдықталған.
АЙГҮЛ МЕРГЕНБАЕВА, БҰҚАР ЖЫРАУ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ:
Бұрын біздің қызметкерлер пешпен жылытылатын үйде қыстырылып - қымтырылып жұмыс істеуге мәжбүр болатын. Қазір “Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту” бағдарламасының арқасында бізде заманауи үлгідегі амбулатория бар, мұнда алғашқы медициналық көмек көрсетуге қажеттінің бәрі қарастырылған. Жас мамандарды да әкеліп жатырмыз. Бұқар жырау ауданына соңғы 3 жылда 24 дәрігер келді. Яғни ауылда да медицина қолжетімді болып келеді.
БЕКЗАТ АЛТЫНБЕКОВ, “AMANAT” ПАРТИЯСЫ ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ:
Қарағанды облысында қайтарылған активтер есебінен салынған 7 фельдшерлік- акушерлік және медициналық пункт ашылды. Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша бұл қаражат еліміз бойынша әлеуметтік маңызды инфрақұрылымдарға бағытталуда. Бұл да біздің сайлауалды бағдарламамызда, жол картасында көрсетілген нақты нысандар. Партия уәде берді, уәде орындалды.