Жүктілік мерзімі сәтті өтіп, ай-күні жетіп отырған ана сәбиін шетінетіп алды. Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны оған дәрігерлерді кінәлап отыр. Ол денсаулығы сыр беріп, жедел жәрдем шақырған. Бірақ айтуынша, толық тексерістен өткізбей үйіне қайтарған. Соның кесірінен баламды тұншықтырып алдым деп отыр.
36 жастағы келіншек жүктілік мерзімінің қалыпты, еш шағымсыз өткенін айтады. Ай-күні жетіп бөпемді бауырыма басамын дегенде перзентханадан жансыз денесін алып шыққанына қапалы. Айтуынша, былтыр 19 наурызда қағанақ суы кетіп, аудандық перзентханаға барған. Алайда қажетті тестті жасамастан: «Кіші дәретіңізді жіберіп қойғансыз. Баланың жүрек қағысы бар. Еш қауіп жоқ» деп үйіне қайтарыпты. Ішкі ойы маза бермеген ол арада 2 күн өткенде қайта барған. Бірақ нәрестенің шетінеп кеткенін білген.
ДИНАРА ШОТАНОВА, ШИЕЛІ АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Заңды түрде жазасын алуын сұраймын. Осы дәрігерлердің кесірінен қаншама балалар өліп жатыр. Бұдан кейін де қанша бала өлуі мүмкін. Дәл сол менің баламның өліміне қатысты дәрігердің соты да болып жатыр қазір. Тағы басқа баланың өлімімен. Одан кейін де қаншама бала өледі мен содан қорқамын. Қаншама ана мен сияқты жылап қалмаса екен.
Қазіргі таңда Динараны алғаш тексерген дәрігерлер өз қызметтерін жалғастыруда. Бұл жарамды тырнап барады дейді етегі жасқа толған ана. Ал аудандық аурухананың бас дәрігері орын алған жайтқа байланысты комиссия құрылып, қызметтік тексеріс жүргізілгенін айтады.
АЛМАС ӘБІЛПАТТА, ШИЕЛІ АУДАНДЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ:
Шотанованы қабылдауына қатысқан дәрігерлерге әкімшілік тәртіптік шаралар көрінді. Алайда азаматша Шотанова бұл тәртіптік шараға қанағаттанбауына байланысты қазіргі таңда құқық қорғау органдарына сол кезде арыз-шағым түсірген болатын. Құқық қорғау органдарының шешімі бойынша әрі қарайғы әрекеттер сол кісілердің шешіміне байланысты болады.
Аталмыш іске байланысты құқық қорғау органдары тергеп-тексеру жұмыстарын бастаған. Алайда «1 жарым жылдан бері тиісті шешімнің қабылданбағы көңіліме күдік ұялатады дейді Динара.