Шетелге саяхаттамақ болған Ақтөбе тұрғындары алаяқтарға алданып қалды. Несиеге кіріп, миллиондаған қаржысын сарп еткендер енді ақшасын қайтара алмай әлек.
Туристік компанияға алданған бір топ адам облыстық прокуратура алдына жиналды. Олар 3 жылдан бері әділдік іздеп, сабылып жүр. Бірнеше елге саяхаттаймыз деген оймен күмәнді туристік компанияға қыруар қаржы жұмсапты. Енді уәде етілген демалыс та, ақша да жоқ. Ал компания басшылығы бой көрсетпей, қашып жүр, дейді тұрғындар.
АЯЗБИ ОМАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Аэропортта тұрғанда бір қыз келіп бізге бір приздар ойнатылады, деп біздің данныйларымызды жазды. Турфирмаданбыз.Осындай сіздерге жақсы нәрселер ұсынылады деді. Сөйтіп олар бір күні звондады. Сол жерде әйтеуір басымызды айналдырып,біздерді договорға, келісімшартқа отыруға мәжбүрледі.
Тұрғындардың айтуынша, жәбір көргендердің жалпы саны ел бойынша 80 нен асады. Жартысы Ақтөбеден. Бірі 1 млн теңге салса, енді бірі несиеге батып, 5 млн теңгесінен қағылған.
АЙГҮЛ ЖАНҰЗАҚОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
Менің салған ақшам – 1 миллион 563 мың теңге. Олар бізге Черногория, Мысыр, Тайландты ұсынған. Бірақ неге екені белгісіз, үнемі Черногорияны ұсынумен болды. Бірақ біз ешқайда бара алмадық. Себебі бізге тек қонақүй мен таңғы ас кіретінін айтты. Ал билет өз қалтаңыздан деді.
Прокурорлардың мәліметінше әзір арыз 16 адамнан түскен. Келтірілген шығын көлемі -23 млн теңге.
АҚТӨБЕ ОБЛЫСТЫҚ ПРОКУРАТУРАСЫ:
Облыс прокуратурасымен тергеу реттілігі айқындалып, қылмыстық іс Ақтөбе облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жолданды. Сонымен қатар, қылмыстық қудалау органына қосымша нұсқау берілді.
Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Өзге мәлімет тергеу мүддесі үшін жарияланбайды.